03 ақп, 2017 сағат 08:32

Еламан Қабділәшім: "Жаным мәңгі арым үшін күзетте"

Жұдырықтай жүрегіне аппақ əлемді сыйдырып, алдыңнан аңқылдап шыққан ақынды көріп, бүкіл Алматы осындай екен деп қаласың. 

Оның арманы - Алатаудай биік, пейілі - Сарыарқадай кең, өлеңі - Жасыбайдай мөлдір. Адамның бəрін дос, ақынның бəрін туыс санайтын риясыз бала мінезіне риза боласың.

Бұрынғының буырқанып өткен шайырларын, бүгінгінің бұғалық, ноқта көрмеген ақындарын жатқа оқып, өмірлерін қиял-ғажайып ертегідей тамсанып əңгімелесе, желсіз түнгі ормандай тына қалып, тыңдайсың. Шешіліп сыр тарқатқан, көсіліп өлең оқыған кештерде алдымен сəл кібіртіктеп барып, кейін қыза шабатын жүйріктердей еркін сілтейтін. Оқыған өлеңін тыңдаушының жүрегіне жеткізіп, толғандырып, толқытып жіберетін ақындығы бір бөлек.

Есентайдың жағасын еркін кезген есер шақта Есенинді оқып, орыстың шегір көз қызын тоқтатқан, Есенғалиды оқып қазақтың қара көз қызынан бақ тапқан серілігі бір басқа. 

Өлеңі Баянтаудың басына мұнартып бұлт қонғандай мұңды. Күзгі қайыңдарындай сап-сары сағынышты. Ең бастысы жаны бар, тірі өлеңдер! Ұран сөздер, жалған көсемсу, лепіріп сөйлеу табиғатында жоқ. Ақынға керегіде сол ғой. Солай болуы керек.

Қаламына қасиет қоңғыр бауырым бүгін Алматыны тастап, Баянауылда жүр. 

Жұдырықтай жүрегімді тайдай тулатып Алматыға келдім бүгін. Алдымнан аңқылдап шыққан ешкім жоқ. Бүкіл Алматы сондай деп қаласың... Əлде өлең іздеп Баянауылға тартып кетсем бе екен?!

Мерген Тоқсанбай

***
Уа, Ұлы Өлең, жабыққанда дем бердің,
Күмәнді де, күнәмді де тең бөлдің.
Доғарармын ертегіге сенуді,
сағынышым... сөнген күн.

Жан аңсарым, жан сөзіме құлақ түр,
Өткенді ойлап қамығады жырақта ұл.
Сол Күзді әлгі әлі көрем түсімде,
Ұмытам деу, көтере алмас сынақ – бұл.

Сен сынап бақ, ал сен, рухым, шыдап бақ,
Бақытыммен қауышармын мың аттап.
Көкірегімде қалып қойған тұрақтап,
Сенім дейтін нұр әппақ...

Тілім – тілім, жамау – жамау жүрегім,
Құлыңдаймын, құлындаймын, Ұлы Елім...
Ұраншылдар жайлап алған қоғамда,
Ессізіңе табылар ма бір орын?!

Болып барам шарасы жоқ мүсіндей.
Ғаламға бас болам дейді кісің кей,
Ұғына алмай қасиетін қылыштың,
қаламның да құдіретін түсінбей.

Бойымдағы желік емес «тыз етпе»,
Жол да жайлы деп айта алман біз өткен.
Жүрегіме тек өлеңім жәрдемші,
Жаным мәңгі арым үшін күзетте.

Қалам ұстау- серт маған!
Дегдар жаным дүнияуи дертке алаң.
Арман да алдай береді екен, о несі?!
Қалған жандай, абдыраймын, өртте аман.

Қылыш ұстау, төбеңді бұлт торласа,
Сенші, ауыр шаруа емес ол да аса.
Еш қиындық көргенім жоқ әскерде,
Қалам таппай қиналғаным болмаса...

ӨЛЕҢБАЯН 

Қатар жүрер соры менен бағы ұдай, 
Түсер екем енді жолға тағы қай, 
Өр басыма тарту болған Тәңірден, 
Болмашыға жараланғыш, жаным- ай?! 

Жүрегімді нәзік гүлге телідім. 
Мен де өтермін, түстей болып сері күн, 
Қайталамай ешкімнің де өлеңін, 
Қайталамай ешкімнің де өлімін. 

Ессіз қылып жіберген соң бір демде, 
Мұңнан басқа жаза алмадым жырды өңге... 
Мәңгіру мен қаңғыру ғой біздікі, 
Тағдыр деген осы болар, білгенге. 

Суырылмай қалған Қылыш қынында, 
Сай болады-ау Ақын деген ұғымға... 
Өмір сүрсін деп жіберген жоқ мені, 
Өлең жазсын деп жіберген, шынында. 



ӨМІРҚОС 

Ей, өлең, қинамашы мені бұлай! 
Маған бақ қып жіберген сені Құдай. 
Серігім- ай сеніскен, неге, неге? 
Мұңға бата береді көңіл ұдай. 

Күзді сүйем!,- деуші едім бұрындары, 
Сол қызды аңсау екен ғой- мұның бәрі. 
Құбылмалы боп кеттім сол күздейін, 
Көмейіме бір өксік тығылғалы. 

Қайда екен сол өзгеден тым әдемім, 
Кезіп жүр ме әлде өзі гүл әлемін? 
Бір жеңілдеп қаласың деуші еді ғой, 
(түк пайда жоқ), әйтпесе жылар едім... 

Әрең жүрмін, көзден жас тама ма екен, 
Өткеніме көңілім алабөтен. 
Тез ер жеткім келетін бала кезде, 
Ер жетудің қызығы шамалы екен. 

Балалықты жас көңіл ескеріп пе? 
Сол бір қызға, апыр- ау, қош дедік пе? 
Өлең, өзің болмасаң не істер едім? 
Бәрі айналып барады естелікке! 



ӘМІРХАН БАЛҚЫБЕККЕ 

Көңілім дірдек қағады, 
Іздеймін нені һәм кімді? 
Жүрегім кірлеп барады, 
Осынау әлем сынды. 

Мөп- мөлдір бастауым менің, 
Тым ерте құрғауың қалай? 
Көңілшек аспаным менің, 
Тұнжырап тұрғаның қалай? 

Сыр түйіп жатты Айым неге, 
Осы ма ерегескені? 
Бұртидың, ақ қайың, неге, 
Нәзігім сен емес пе едің? 

Қаламым өкпелеп тағы, 
Парағым мұңданып қалды. 
Жаныма от керек тағы, 
Тағы да былғанып қалды. 

Жүрегім сыры мың күнгі, 
Керек пе? 
Үш бөліп берем. 
Түйіп ап жұдырығымды, 
Күйініп тістеніп келем. 

Қырт- өмір шуағы бөтен, 
Бұлт болып өре көшуде. 
Ақындар туады, бекем 
дайын боп төбелесуге. 

Болсыншы бір демеу ісің, 
Жалғаннан құр кетпеу, демек. 
Жүректер кірлемеу үшін, 
Өмірді кірлетпеу керек!... 

ЖАПЫРАҚТАР 

Сыбыры жапырақтардың, 
Әр жанның саз-әні ме екен?! 
Шуылы жапырақтардың, 
Жалғанның базары ма екен?! 

Дірілі жапырақтардың, 
Арудың төзімі ме екен?! 
Ғұмыры жапырақтардың, 
Ақынның сезімі ме екен?! 

Сарғайған жапырақтардың, 
Үміті ескіре ме екен?! 
Шалғайдан жапырақтардың 
сыңсуы естіле ме екен?! 

Үзілген жапырақтардың, 
Көңілі шайқала маекен?! 
Жүзінде жапырақтардың 
өкініш байқала ма екен?! 

Ұқсайды-ау маған мінезі, 
Әлде бұл- жай қалып па екен? 
Жапырақ- Адамның өзі, 
Топыраққа айналып кетер! 



АУЫЛЫМ 

Туған ауыл- гүл аймақ, 
перзентің боп бас ұрсам. 
Балалығым жүр ойнап, 
бауырыңда асыр сап. 

Жанды көркің жаулар ма! 
Туған ауыл- ұлы өлке. 
Мен ойнаған бауларда, 
балғын күнім жүр ерке. 

Көретінмін Жұмақтай, 
үйіміздің ауласын. 
Күлкіміз бал- бұлақтай, 
думан қылған тау басын. 

Баптамақ боп сәйгүлік, 
өзімді- өзім сынығам. 
Шапқылығам тай мініп, 
талай мәрте құлағам. 

«Босатпаспын тақымды 
өмірде!»,- деп серттескем. 
Өлеңнен ап ақымды, 
айықпас бір дертте өскем. 

Жалындармын, жанармын! 
Себебі: Оттан жаралдым. 
Ақ сүті мен анамның 
қара өлеңнен нәр алдым. 

Мендей қара ұлына, 
пана болған жуа- бел: 
ең алғашқы жырыма- 
ең алғашқы куәгер. 

Татқан дәмім кермек- ті, 
тағдыр заңы қатал- ақ. 
Ақын болып ер жетті, 
бір кездегі шақалақ. 

Дауылын да, жауынын, 
біл, ұлықтай жүремін. 
Алақандай ауылым- 
жұдырықтай жүрегім. 



САЙҚЫМАЗАҚ АЙТЫПТЫ 

Өмір дегенің- ғажап құт, 
Жоқ онда қайғы, азап түк. 
Сен тұрсың жылап... 
Мен жүрмін 
өмірдің өзін мазақ қып... 


* * * 

Толқыйды бойда көлдей мұң, 
Жанымды жылы тербейді үн. 
Ләйлә ма ең, қалқам, жоқ әлде, 
Изадорасы Сергейдің. 

Сол Күзге тағы хат жазып, 
Ынтыққан жүрек тапты азық. 
Елес пе ең алған еркімді? 
Тәп- тәтті. 
Ерке. 
Нәп- нәзік! 

Кеудеңде жүр ем сырың боп. 
Бойыңнан ыстық білінді от. 
Жүрегім кетті жұлқынып, 
Ерінің кетті дірілдеп... 

Бұндайда керек несіне ес? 
Ақылға көнбес есім еш. 
Өзіңдей болып жадырап, 
Бізді аялады осы кеш... 

Сен жайлы сұрап Түнім бек. 
Сырымды айттым, шыным деп. 
Өлең боп соқсын жүрегің, 
Өлеңнен биік құным жоқ! 



* * * 

Ассам да белес- белеңнен, 
Басса да басты зор қайғы. 
Өлең мен, сенші, сезімде 
Өткен шақ деген болмайды. 

Сондықтан сүйіп өтемін, 
Шақ емес: осы мәрем,- дер. 
Өмірімнің биік екенін, 
Тек махаббатым дәлелдер. 

Жүректің сол ғой көргені, 
Ғашық боп тоқтар, тоқтаса, 
Өлеңнен ізде сен мені, 
Әлемнен іздеп таппасаң. 

Сағынуға да көнемін, 
Бұйрықтан кімдер озып ед! 
Дәл бүгін жазған өлеңім, 
Сол Күзде кешкен сезім ед. 

Сенсіз де қанша күн өтті, 
Ұмытам... 
Бірақ құл-сана. 
Сендіргім келеді жүректі, 
Көндіргім келмей тұрса да. 

Ұлт порталы