10 қаз, 2018 сағат 11:23

Еламан Қабділәшім - "Баянтау" газетінің бас редакторы

Танымал жас ақын, журналист Еламан Қабділәшім «Баянтау» газетінің бас редакторы болып тағайындалды.

«Еламан Хасенұлы Қабділәшім 2018 жылғы 3 қазан күні Баянауыл ауданы әкімінің №2-23/42 өкімімен «Баянтау» газетінің редакциясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры (редакторы) лауазымына тағайындалды» делінген ресми ақпаратта.

«Баянтау» газетінің алғашқы саны 1931 «Ленин туы» деген атаумен шыққан болатын. Белгілі этнограф, философ және әдебиетші Мәшһүр Жүсіп Көпеев сол кезде газетке ақ жол тілеп, батасын берген-ді.

Газеттің алғашқы редакторы Ғалым Малдыбаев болды, онда халық жазушысы Дихан Әбілов, талантты журналист және жазушы Сүлеймен Баязитов, Павлодар мемлекеттік университеті журналистика кафедрасының меңгерушісі Қырықбай Алдабергенов өздерінің шығармашылық жолын бастаған.

Газеттің өркендеп дамуына Әзілхан Нұршайықов, Зейтін Ақышев, Рамазан Тоқтаров, Қалижан Бекхожин, Қалмұқан Исабаев, Смағұл Торғаев, Елубай Сағынаев, Балтабай Сейсенбеков, Рафағат Сыздықов, Хәкім Бөпеғалиев, Төлеутай Құлмағамбетов, Шакрат Шалбай сынды танымал тұлғалар өз үлесін қосқан.

Бүгінге дейін «Баянтау» газетінің бас редакторы қызметін Айдана Айтуғанова атқарған болатын.

Айта кетсек, Еламан Хасенұлы Қабділәшім 1993 жылы 14 сәуірде Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Лекер қажы ауылында туған. 2015 жылы Алматы қаласындағы Орталық Азия университетін  «Кітапханашы» мамандығы бойынша тәмәмдаған.

Еңбек жолын 2014-2015 жылдары Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер кітапханасында кітапханашы болып бастаған. 2015-2016 жылдары – ҚР Ұлттық Ұланы қатарында (Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Қаракемер кенті) әскери қызметте болды. 2016 жылдың 28 қарашасынан бастап Баянауыл аудандық «Баянтау» газетінің тілшісі қызметін атқарып келді.

Жетістіктері:

2011 жылы – студент жастардың Қарағанды облыстық «Махаббат көктемі» жыр мүшайрасының ІІ орын иегері.

2012 жылы – Алматы қалалық студент жастардың Мұқатай Жылқайдаровты еске алуға арналған «Ақын ұлын түбінде бір жоқтайды, аман болса, асқар тауым, кең делам» жыр мүшайрасының ІІІ орын иегері.

2013 жылы – ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының ұйымдастыруымен өткен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 80 жылдығына арналған «ҚазҰУ-ым – темірқазығым» атты жыр мүшайрасының ІІ орын иегері. 

2015 жылы – Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған Павлодар облыстық «Елдіктің терең тамыры» атты ақындар мүшәйрасының «Олжабай батыр» атындағы арнайы жүлдесінің иегері. 

2015 жылы – Алматы қаласында өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған республикалық студент жастардың жыр мүшайрасының ІІ орын иегері.

2017 жылы – «Əдебиет порталы» мен Халықаралық «Қызай ана» қоғамдық қоры Алаш Орданың 100 жылдығына орай ұйымдастырған республикалық «Айбынды Алашым» жыр мүшәйрасының «Бас жүлде» иегері.

2017 жылы – Амангелді Қаңтарбаевқа арналған облыстың «Наркескен» журналистер байқауының ІІ орын иегері.

2017 жылы – Ақтау қаласында өткен қоғам қайраткері, публицист Жалау Мыңбайұлының 120 жылдығына арналған республикалық «Елім деп өткен Ер Жалау» мүшайрасының ІІІ орын иегері.

2017 жылы – Павлодар қаласында өткен облыстық «Ел үшін туған арыстар» жыр мүшайрасының «Бас жүлде» иегері.

2017 жылдың қорытындысы бойынша Баянауыл ауданы әкімнің «Жыл үздігі» марапатының иегері.

2017 жылғы Павлодар облысының мәдениет, әдебиет және өнер саласының дамуы мен облыс руханиятына қосқан үлесі үшін Павлодар облысының әкімі грантының иегері.

Өлеңдері жас ақындардың республикалық «Жаңа ғасыр жырлайды» (Құрастырушы – Серік Сағынтай, редакторы – Әмірхан Балқыбек), «Жастық – жалын-жыр» (Құрастырушы – Мұратхан Шоқан) жинақтары мен қазақ поэзиясының 10 томдық «Жыр маржаны» (Құрастырушылар – Мереке Құлкенов пен Гүлсім Мұқышева) антологиясына енген.

2017 жылы «Баян-жыр» Баянауыл ақындарының антологиясын (редакторы – Жеңісбек Пәзіл) құрастырды.

Өлеңдері мен әдеби мақалалары республикалық, облыстық «Қазақ әдебиеті», «Сарыарқа самалы» газеттері мен «Ақ желкен», «Үркер», «Қасым», «Тұмар», «Ақиқат», «Жалын», «Найзатас», «Ақбеттау» журналдарында басылды және «Әдебиет порталы», «Ұлт.kz», «Массагет», «Қасым», «Күлтөбе», «Тарлан.инфо», «Жерұйық» сайттарында жарияланды.