09 мау, 2019 сағат 21:00

Экстремистік және террористік қауіп-қатердің сипаты

Елбасы Н.Ә.Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 70 сессиясының Жалпы пікірталас алаңында терроризм мен зорлық-зомбылықты экстремизмінің ғаламдық сипат алғанын ескертіп, БҰҰ басшылығымен халықаралық терроризм мен зорлық экстремизміне қарсы күрестің бірыңғай әлемдік жүйесін құруды ұсынды. Ол осы міндетті жүзеге асыру үшін терроризммен күресті тегіс қамтитын БҰҰ құжатын жасап қабылдауды ұсынды. Бүгінгі таңда Сирия, Ирак, Ливия, Йемен азаматтық соғыстардың салдарынан ыдырау табалдырығында тұр. Бұған қоса ДАИШ террористік ұйымының мәселесі жаһандық проблемаға айналып отыр. Қазақстан ДАИШ террористік ұйымын аймақ мемлекеттері мен бүкіл әлем елдерінің қауіпсіздігіне қатер төндереді деп есептей келе, мүдделі мемлекеттердің ДАИШ террористік ұйымына қарсы күресін, ең алдымен, БҰҰ басшылығымен болғанын ұсынады. Қазақстан БҰҰ-ның терроризмге қарсы одағын құруға, экстремизм мен терроризм қылмыстарын жасаған адамдарды іздеу, ұстау және оларды Отанына қайтару бойынша бірыңғай ісқимыл тетігін жасақтауға шақырады. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Нью-Йорк қаласында өткен Экстремизмге қарсы күрес саммиті (29 қыркүйек 2015ж.) кезінде өз баяндамасында атап өтті.

Экстремизм мен терроризм бүкіл қоғамға қауіп төндіреді. Теологтар оның бірнеше сипатын анықтап, осы тақырыпта ақпарат таратарда бірнеше жағдайға баса назар аударуды ұсынады. Оның ішінде экстремистік және террористік қауіп-қатердің сыртқы сипаты – қоғамға шет елдерден келіп жатқан мақсатты идеологиялық ықпалдың салдарынан терроризм мен экстремизм мәселелерінің пайда болуын түсіндіруді білдіреді. Ал террористік және экстремистік қызметтің деструктивті сипаты – террористік және экстремистік әрекеттердің қоғамның дамуына кері әсер ететіндігі туралы түсінікті қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қауіп-қатердің қылмыстық сипаты – террористік және экстремистік әрекеттерді діннен немесе белгілі бір ұлтпен сәйкестендіруді жоққа шығарады. Осындай сипаттардың қатарында қоғамға қарсы сипаты да анықталған. Оны мамандар зорлық-зомбылыққа негізделген экстремизм идеологиясын ұстанушыларды әлеуметтік нормалар мен  жергілікті дәстүрлерді мойындамайтын және олармен күресетін адамдар ретінде сипаттайды. Ал террористердің рақымсыздығын, олардың қатыгездікке бей-жай қарауын, адам өмірін, оның құқықтары мен бостандықтарын елемейтіндігі антигуманистік сипатын білдіреді. Қоғамда азаматтардың өміріндегі оң өзгерістердің мемлекеттің терроризмге қарсы  саясатты іске асыруынан тәуелділігі туралы түсінікті қалыптастыруға бағытталған мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған іс-шаралардың ауқымдылығы мен табыстылығы терроризм және діни экстремизмге қарсы іс-қимыл  шараларының мақсатты, белсенді, шабуылды сипатын көрсетеді.

Экстремизм мен терроризмге қарсы күрес саласында ойластырылған ақпараттық саясатты жүргізудің маңыздылығын және қоғамның осы мәселеге сезімталдығын ескере отырып, келесідей шарттарды орындаған жөн:

– құзыретті мемлекеттік органдардың ресми хабарламаларын пайдалану;

– азаматтардың республикадан тыс жерлерде де қорғалатыны, оларға қамқорлық жасалатыны туралы конституциялық кепілдік берілетінін ұмытпау;

– Қазақстан азаматтарына жоғары деңгейдегі дағдарысты жағдайды (террористік қауіпті) басынан өткеріп отырған елдерге барудың және/немесе  онда болудың қауіптілігін ескерту;

– Қазақстан азаматтарының соғыс қимылдары жүріп жатқан аймақтарға кету ниетін қоздырмау; - шетелдердегі қарулы қақтығыстарға қатысып жүрген Қазақстан азаматтарының әрекеттері адасушылық екеніне басымдық беру;

– қоғамда қазақстандықтардың шет мемлекеттердің аумағына кетуін мәжбүрлеумен болған көшіп кету екендігі туралы өсек-аяңның туындауын өршітпеу;

– көшіп кеткен жекелеген адамдардың қарулы қақтығыстарға қатысуын мемлекеттің дін саласындағы саясатымен байланыстырмау;

– өздерін оппозиция ретінде көрсетіп жүрген шетелдік террористік ұйымдар жағында әрекеттерге қатысудың қылмыстық сипатын түсіндіру.

Бүгінде елімізде «Жусан» операциясы арқылы шекара асып кеткен азаматтарды елге әкелу жұмыстары жүріп жатыр. Дегенмен, қоғамда дұрыс пікір қалыптасып, дұрыс ақпарат тарауы үшін бірнеше мәселеге баса назар аударғанымыз жөн.

Біріншіден, үлкен аудиторияны қамту мақсатында тұрғындар үшін қызық және түсінікті ақпараттық материалдарды әзірлеу керек. Яғни сауатты ұйымдастырылған ток-шоу, пікірталас алаңдары, дін саласындағы нақты оқиға немесе жиі қайталанатын кері құбылысқа қатысты журналистік зерттеу сияқты ақпараттық бағдарламаларды пайдалану жүзеге асырылуы тиіс.

Екіншіден, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерін, жастар қозғалыстарының лидерлерін, жетекші оқу орындарының басшыларын, мәдениет және өнер қайраткерлерін, атақты журналистерді, қоғамдық пікір лидерлерін және т.б. адамдарды пайдалана отырып, БАҚ-та танымал тұлғалар, белгілі және беделді интеллигенция өкілдерінің дін тақырыбына арналған баяндамалары мен сұхбаттарын ұйымдастырып отырған жөн.

Үшіншіден. Мемлекеттік органдар, қоғамдық институттар мен дін мәселелері бойынша өңірлердегі ақпараттық-түсіндіру топтарының ақпараттық және түсіндіру шараларын БАҚ-та мақсатты жариялауды ұйымдастрыған абзал.

Төртіншіден. Жекелеген діни бірлестіктердің қолданыстағы заңдарды жиі бұзу әрекеттерін жариялау. Бұл оларға қатысты теріс көзқарастың қалыптасуына, азаматтардың бойында  айналада болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамауға және мемлекеттік органдар мен БАҚ-қа теріс фактілер жайлы ақпарат беруге көмектеседі.

Міне, біз түрлі БАҚ беттерінде діни экстремизм мен терроризмді алдын алуға арналған тақырыптық бөлімдерді ашу арқылы, осы қауіптің алдын ала отырамыз. Мұндай істің бәрі, әлбетте, құзырлы органдардың мамандарымен кеңес отырып жүзеге асырылса, онда біршама жұмысты атқаруға зор мүмкіндіктер бар.

Аида Жарасқан