09 мау, 2017 сағат 22:46

ЭКСПО-ның ашылу салтанаты таңғажайып отшашумен аяқталды (Видео)

Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылу рәсіміне орай ұйымдастырылған отшашу қала тұрғындары мен меймандарды таңғалдырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Шамамен 15 минутқа созылған отшашу ғажайып көрініске айналды. ЭКСПО-қалашыққа жиналған қауым бұрын-соңды мұндай кереметті көрмегенін айтып жарысуда. Отшашу кезінде көрме ғимараттары мен павильондарында отырған адамдардың барлығы сыртқа шығып, тамаша көріністі жаппай смартфондарына түсіре бастады.

Сонымен қатар, шоуды 20-ға жуық елдің мемлекет басшылары, шетелдік делегация өкілдері тамашалады.

Көрме қонақтары сфера үстіндегі таңғалдырарлық сәулелер бейнелеген лазерлік шоу мен ерекше от шашуды көрді.

Айта кетейік, «ЭКСПО» көрмесіне 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысады. Көрме «Болашақ энергиясы» тақырыбына арналған. Астанада ашылған халықаралық мамандандырылған көрме 10-қыркүйекке дейін жалғасады.

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің салтанатты ашылу рәсімінен 1200-ге тарта отандық және шетелдік журналист ақпарат таратып, телеарналар тікелей көрсетілім ұйымдастыруда. Сондай-ақ, Қазақстанның барлық облысынан да ат арылтып журналистер келген.