23 жел, 2016 сағат 12:25

ЭКСПО кезінде туристер Байқоңырда зымыранның ұшырылғанын көре алады

- Қазақстанның туристік қауымдастығының директоры Рашида Шәйкенованың айтуынша, ЭКСПО көрмесі кезінде Астана мен Алматыдан Байқоңырға тікелей әуе рейстерін ашу қиындау болады.

Дегенмен, бүгінде туристерді көлікпен апарып, зымыран ұшырғанды көрсету қызметі бар, деп xабарлайды Ұлт.кз тішісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

"Бүгінде біз Байқоңырмен тығыз жұмыс жасап жатырмыз. Оған Роскосмос та атсалысуда. Атап айтқанда, Ресей ғарыш айлағына кіруге рұқсат беру мерзімін қысқартуға келісім берді. Қазақстанның туристік компаниялары ішінен осы рұқсатты ала алатындар іріктелді. Дегенмен, басқа компанияларға үшін шектеу жоқ. Әрине, туристер Байқоңырға зымыран ұшыруды көру үшін барғысы келеді. Сондықтан бүгінде біз зымыран ұшырғанда туристерді жіберіп отырамыз. Алайда көлік саласындағы проблемалар да жоқ емес", - деді Р.Шәйкенова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Оның айтуынша, бұған дейін Қазақстанның туристік қауымдастығы Алматыдан Төретамға (Байқоңырға жақын орналасқан елді мекен - авт.) дейін "Тұран" пойызын жіберуді ұсынған болатын. Жол-жөнекей Тараз бен Шымкент сияқты қалаларда тоқтап, туристерге көрсетуге болар еді. "Оның бір жақсы жері - әрі пойыз әрі отель. Онымен Төретамға дейін барып, ары қарай туристерді Байқоңырға апаруға болады. Жалпы, ЭКСПО кезінде туристерге Байқоңырды көрсетуге мүмкіндік бар. Бірақ көліктік логистика сын көтермейді. Алайда әуе рейстері ашыла ма, жоқ па, ол жағы әлі белгісіз", - деп атап көрсетті ұйым басшысы.

Айта кетейік, ЭКСПО-ны ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелері көрме кезінде Байқоңырға ұшатын «Астана - Байқоңыр-Астана» мен «Алматы -Байқоңыр-Алматы» тікелей әуе рейстерін ашуды ұсынып отыр. Бұдан бөлек, Байқоңыр ғарыш айлағында туризмді дамыту бағдарламасын бекіту шараларын шапшаңдату қажет. Осы орайда шетел азаматтарының ғарыш айлағына кіруіне рұқсат беру мерзімін 45 күннен 14 күнге дейін қысқартқан жөн.