#
#
Жексенбі 17/12/2017

ЭКСПО аумағындағы жаңа мұз айдыны көпшілік қызығушылығын тудыруда

  • 05.12.2017
  • 0
  • 1076

Елорда тұрғындары мен қала қонақтары үшін таза ауада мұз айдынында уақыт өткізетін тамаша мүмкіндік пайда болды. «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі аумағында еліміздегі бірегей ашық мұз айдыны ашылды, деп хабарлайды Nur.kz.

Мұз айдыны демалыс күндері адамға лық толы. Қала тұрғыны Виктор Клочков мұз қалашығына екі немересін ерте келіпті. Бұл олардың алғашқы рет келуі емес. «Маған бұл жерде таза ауада сырғанақ тебу ұнайды. Жабық орындарда тепкеннен анағұрлым жақсы. Біз бала кезде -25 градуста сырғанақ тебетінбіз. Жаңа мұз айдыны ашылғанын естіген кезде лезде жеткен едік. Немерлеріме бұл жерде конькимен сырғанау ұнайды», - дейді Астана тұрғыны.

Астаналық оқушылар Айғаным, Әлия, Ажар жаңа мұз айдынына алғаш рет қадам басып отыр. Қыздарға қалашық қатты ұнады. Алдағы уақытта мұнда жиі келгісі келеді. «Астанада жабық әрі ашық жерлерде ауа-райына тәуелді болмай, еркін демалатын үлкен орындардың көп болғаны қатты қуантады», - дейді қыздар.

Қалашықтағы қалың нөпірдің арасында қала қонақтары да аз емес. Мәселен, мектеп оқушылары Бадинұр мен Рената  Елордаға ата-анасымен бірге Павлодар қаласынан келген екен. Олардың ең алғашқы ойы – осы бір ғажайып айдынды көзбен көру. «Бізге жаңа айдын қатты ұнады. Мұз өте сапалы. Таза ауа. Әдемі әуен айдынға тамаша атмосфера тудырып тұр. Жаңа жылда тағы бір мәрте келеміз деп үміттенемін», - дейді қыздар.

Атап өтсек, келушілердің басым көпшілігі – балалар. Кешкілік қалашық ертегідегідей күйге айналады: түрлі түстір жарықтар, белгілі фильмдердің музыкасы және жақында еліміздегі ең басты шырша бой көтермек. Мұз айдыны келушілерге Жаңа жылдың жақындағанын сезіндіріп, мерекелік көңіл-күй сыйлайды.

Жаңа мұз айдынына кіру бағасы «Мега SilkWay» мен «Алау» орталығындағы мұз айдындарының бағасымен бірдей (толығырақ инфографикадан танысуға болады).

Мұз айдынына кіру билетінің құны - 1000 теңге. Оқушылар мен зейнеткерлер үшін 50% жеңілдік қарастырылған. 6 жасқа дейінгі балалар үшін кіру тегін.

Бас шаһардағы ең үлкен ашық мұз айдынының жалпы  аумағы 4 000 шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар, ол бір мезгілде 700-ге жуық адам қабылдай алады.

Тағы бір басты ерекшелігі - арнайы тоңазытқыш жабдығының көмегімен +10 градус және одан төмен температурада да жұмыс істей алатындығында.  Бұл сырғанақ тебу маусымын келесі жылдың сәуір айына дейін созуға мүмкіндік береді.

Сондай ақ, ЭКСПО Көрме кешенінің туристік аумағында Елорда тұрғындары мен қала қонақтары мұзайдыннан бөлек «Нұр әлем» мен «Болашақ энергиясы» музейін де тамашалай алады. Осылайша, сырғанақ теуіп, таза ауада тыныс алып, көрмені де аралауға болады. Автокөлік иелеріне де қосымша бонустар қарастырылған. Яғни, алғашқы үш сағатқа автотұрақты тегін пайдалануға болады.

Билеттерді EXPO-2017 ресми сайтынан (expo2017astana.com) және ЭКСПО аумағында орналасқан кассалардан сатып алуға болады. Мұз айдыны жұмыс күндері сағат 12.00-ден 23.00-ге дейін (техникалық үзіліс: 16: 00-ден 18: 00-ге дейін), демалыс және мереке күндері сағат 10.00-ден 23.00-ге дейін (техникалық үзіліс 13.00-ден 14.00-ге дейін, сағат 17.00-ден 18.00-ге дейін) ашық.

0 пікір

Пікір қалдыру

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар