27 қар, 2017 сағат 12:15

ЭКСПО аумағында бірегей мұз айдыны ашылды

Астанадағы ЭКСПО қалашығы аумағында еліміздегі бірегей ашық мұз айдыны ашылды, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Оның басты ерекшелігі - арнайы тоңазытқыш жабдығының көмегімен +10 градус және одан төмен температурада да жұмыс істей алатындығында. Бұл, сөзсіз, конькимен сырғанау маусымын келесі жылдың сәуір айына дейін ұзартуға мүмкіндік береді.

«Астананың төрінде үлкен мұз айдынының ашылғанына өте қуаныштымын. Мен ініммен келдім. Бірнеше жылдан бері коньки тебумен айналысамын. Көңіл-күй жақсы және ауа райы керемет», – дейді, алғашқы қонақтардың бірі - Торғын атты студент қыз.


Бас шаһардағы ең үлкен ашық мұз айдынының жалпы  аумағы 4 000 шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар, ол бір мезгілде 700-ге жуық адам қабылдай алады.

Ал, айдынның сапасы жоғары болуы үшін арнайы мұз құятын машиналар қолданылмақ.

«MegaIce» компаниясы директорының айтуынша, аталған жобаға бюджет ақшасы жұмсалмаған. Бұл - компанияның өз қаражаты.

«Бұл мұз айдыны ЭКСПО аумағына арнайы жобаланған. Компания жобаны мемлекеттің қатысуынсыз, өз қаражаты есебінен жүзеге асырды. Мұз айдыны Көрме кезінде туристердің қызығушылығын тудырған қос «жалынды» субұрқақтың арасында орналасқан. Оның пішіні Нұр Әлем павильонына бағытталған жебеге ұқсас. Ал, қақ ортасында жарық бояуларының көмегімен ЭКСПО логотипі бейнеленген. Сондай-ақ, мұз айдынына кешкі уақытта жарқырайтын жарық-жолдары төселген», - деді Ерлан Үмбетов өз сөзінде.


Бұдан бөлек, «MegaIce» компаниясының еншісінде әртүрлі өлшемдегі 1000 жұп жаңа коньки бар. Олар барлық келушілерге жалға беріледі. Конькимен сырғанауды жаңа үйреніп жатқан адамдарға жаттығу құрылғылары ұсынылады. Мұз үстінде тәртіп пен қауіпсіздікке жауапты мамандар мен нұсқаушылар болады. Қонақтар үшін жеке заттарды сақтау орындары, киіну бөлмелері, сондай-ақ ыстық тамақ беру орындары қарастырылған.

«Жаңа мұз айдыны қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналатыны анық. Бұл, өз кезегінде, демалыс уақытын таза ауада белсенді өткізуге мүмкіндік береді», - деп сөзін қорытындылады «MegaIce» компаниясының директоры Ерлан Үмбетов.

Қосымша ақпарат: Кіру билетінің құны - 1000 теңге. Оқушылар мен зейнеткерлер үшін 50% жеңілдік қарастырылған. 6 жасқа дейінгі балалар үшін кіру тегін. Билеттерді EXPO-2017 ресми сайтында (www.expo2017astana.com), сондай-ақ ЭКСПО аумағында орналасқан кассалардан сатып алуға болады.

Мұз айдыны жұмыс күндері сағат 12.00-ден 23.00-ге дейін (техникалық үзіліс: 16: 00-ден 18: 00-ге дейін), демалыс және мереке күндері сағат 10.00-ден 23.00-ге дейін (техникалық үзіліс 13.00-ден 14.00-ге дейін, сағат 17.00-ден 18.00-ге дейін) ашық.