11 қар, 2017 сағат 12:48

ЭКСПО-2017 нысандарының қайта ашылуы: Түске дейін «Нұр Әлемге» 3 мың адам келді

Түскі 12-ге дейін ЭКСПО-2017 бас ғимараты болған «Нұр Әлемге» 3 мың адам келіп үлгерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы «Астана ЭКСПО-2017» ҰК Контент және іс-шаралар ұйымдастыру департаментінің директоры Марат Омаров мәлім етті.  

Еске сала кетсек, бүгін ЭКСПО-2017 көрмесі аумағындағы туристік аймақ өз жұмысын бастады. Оған арнайы келген ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Нұр Әлемді» аралады. 

«Бүгін ЭКСПО-2017 нысандары туристік аймақ ретінде қайта ашылды және түскі 12-ге дейін «Нұр Әлем» ғимаратына 3 мың адам келді. Халықтың қызығушылығы әлі де басылған жоқ. Оларға жаңартылатын энергия көздері және энергия түрлері туралы мол деректер ұсынып отырмыз», - деді Марат Омаров.

Қайта ашылған ЭКСПО-2017 нысандарына келген халықтың қарасы көп. Бұған дейін хабарланғандай, 11-12 қараша күндері Астана тұрғындары мен қала қонақтары ЭКСПО-2017 көрмесінен қалған туристік нысандарды тегін аралай алады және 14 қарашадан бастап, кіру құны 1500 теңгені құрайды.

Сондай-ақ, желтоқсан айында ЭКСПО аумағында еліміздің жаңажылдық бас шыршасы орнатылып, әсем мұз қалашығы бой көтереді және аумағы 3500 шаршы метрді құрайтын үлкен мұз айдыны ашылады.