13 қаң, 2017 сағат 09:44

ЭКСПО-2017: Құлаған нысанның орнына жаңа декоративті шатыр пайда болады

- «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы жаңа декоративті шатыр құрылысының жобасын әзірледі, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Бүгінгі таңда жаңа декоративті шатырдың құрылысы бойынша жоба әзірленді. Сонымен қатар, қауіпсіздік үшін бүкіл декоративті нысандарды бекіту жобасы да әзірленді»,-деп хабарлады агенттігіміздің ресми сауалына жауап берген компания.

Өздеріңіз білетіндей, 2016 жылдың қарашасында көрме аумағындағы декоративті нысан ортасынан опырылып түскен еді. Құрылысшылар оқиғаны видеоға түсіріп алып, әлеуметтік желіде таратқан болатын. 

«Сол декоративті нысан құлағаннан кейін бір апта ішінде сол аумақ тазаланып бітті», - деп хабарлап отыр «Астана ЭКСПО-2017» компаниясының баспасөз қызметі.

Тәуелсіз сарапшылар «декоративті көпір мердігер таңдаған сапасыз металдан салынған және ол металл аязға шыдамай құлады» деген қорытынды шығарды. Мемлекеттік комиссия нысанды қабылдаған жоқ, сондықтан, мердігер жобалаушымен бірге құлаған аспаны өз қаражатына қайта салады.