20 қаз, 2016 сағат 15:32

ЭКСПО-2017 көрмесінің павильондары қазан айының соңында тапсырылады

Қазан айының соңында ЭКСПО мамандандырылған көрмесінің барлық павильондары тапсырылады. Құрылыс жұмыстары 100 пайызға аяқталған. Бұл туралы бүгін «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ Халықаралық қатысушылармен жұмыс департаментінің басшысы Илья Оразақов айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Келесі жылы Астанада өтетін ЭКСПО көрмесіне 110 мемлекет қатысатына ешқандай күмәніміз жоқ. Әлі де қатысушыларға өтініш беруге уақыт бар. Тіркеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда ресми түрде 104 қатысушы өз өтініштерін берді. Осы ретте, мен бір қызықты деректі айта кетейін. Егер Қазақстандағы ЭКСПО көрмесіне 110 мемлекет қатысатын болса, үздік үштіктің қатарына енеміз. Себебі, бұған дейінгі көрмелерде 110-нан көп қатысушысы болған екі ғана көрме бар. Біріншісі – Португалия. Пиреней түбегінде өткен көрме жұмысына 140 мемлекет қатысқан. Ал екінші орындағы Қытайдағы көрмеге 121 мемлекет келген. Сондықтан Қазақстанның бұл жағынан «қола жүлде» алуға мүмкіндігі бар», – Илья Оразақов.

Оның айтуынша, ұлттық компания қазіргі кезде әрбір қатысушыға қолдау білдіру мақсатында көптеген жұмыстар істеп жатыр екен.

«Бұл көзге көрінбейтін жұмыс. Департамент күн сайын қатысушыларға қолдау көрсетеді. Әрқайсына жеке-жеке көңіл бөлу керек. Әрбір мемлекеттің өз жоспары, тапсырмасы бар. Осы көрме аясында белгілі бір жетістікті бағындыруды көздейді. Сондықтан «Астана ЭКСПО» компаниясы дипломатиялық қарым-қатынастан бөлек, әрбір қатысушымен жеке де жұмыс істеп жатыр. Біз қатысушылармен әріптестік, достық және кәсіби байланыс орнатуды көздейміз», – деп атап өтті ұлттық компания өкілі.

Департамент басшысының мәліметі бойынша, көрмеге қатысушылардың үш ай бойы атқаратын жұмыстарының күнтізбесі жасалып жатыр.

Айта кетейік, ЭКСПО мамандандырылған көрмесінің құрылыс жұмыстары толықтай дерлік аяқталған. Қазан айының соңында барлық павильондар толығымен тапсырылады.