27 қаз, 2017 сағат 11:08

«Экспо-2017» көрмесін өткізу отандық ғылымның әлеуетін ашты - С. Рахымбекова

ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында Энергетика министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің Экология жөніндегі комиссиясының басшысы Салтанат Рахымбекова «Экспо-2017» халықаралық көрмесінің Қазақстанда жасыл технологияларды енгізу барысына тигізген әсері туралы айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Экспо-2017» көрмесін өткізу әлемнің үздік технологияларын бір жерге шоғырландыруға, сонымен қатар отандық ғылымның әлеуетін ашуға мүмкіндік берді», — деп есептейді Салтанат Рахымбекова.

Оның айтуынша, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында белгіленген стратегиялық міндеттер мемлекеттік саясатты анықтап, қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік берді. Мәселен, мемлекеттік энергетикалық тізім енгізілді, заңнамаға энергия сервистік келісімдер, кәсіпорындарда энергетикалық аудиттар жүргізу түсінігі енгізілді және т.б.

С. Рахымбекова бүгінде Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту коалициясы халықаралық көрмені өткізуге қолдау көрсетіп, Қазақстанның жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасының шаралары мен «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасын іске асыруға көмек көрсету үшін жасыл бастамалар мен жобалардың қомақты қоржынын әзірледі. Жалпы, аталған жұмыс баламалы технологияларды дәріптеуге, отандық ғалымдар мен жаңалық ашушыларға қолдау көрсетуге, демонстрациялық алаңдар құруға бағытталған.

Сондай-ақ, ол Қазақстан экономикасының энергия үнемдеу саласында үлкен әлеуетке ие екенін және энергия үнемдеуші әрі энергия тиімді шараларды енгізу есебінен тек ТКШ саласының өзінде ресурстарды тұтыну көлемін 40%-ға дейін төмендетуге болатынын атап өтті.

Мысал ретінде ол «Арнасай» орталығы атады, бүгінде оның аумағында 35 «жасыл» технология апробацияланған, сонымен қатар 2014 жылы іске асырылған, сорғы паркін 100% жаңғырту бойынша «Атырау су арнасы» КМК жобасын айтуға болады. 

Айта кеткен жөн, бұған дейін ҚР ИДМ мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арасында Қазақстан Республикасындағы БҰҰ Даму бағдарламасының қаржылық қолдауымен, энергия үнемдеу мәселелерімен айналысатын кәсіпкерлерге қолдау шараларын ұсыну бойынша ынтымақтастық жөнінде келісімге қол қойылған.

«Жоғарыда аталғандарды қорытындылай келе, біз «Экспо-2017» мұрасын сақтау үшін, еліміздің экономикасына жасыл технологияларды белсенді түрде енгізудің Жол картасын әзірлеу қажет деп есептейміз», — деп сөзін түйіндеді С. Рахымбекова.