17 қаң, 2019 сағат 12:02

«Эксимбанк Қазақстан» АҚ-ны тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енді

Эксимбанк Қазақстан» АҚ-ны мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«16 қаңтарда Алматы қалалық соты Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының «Эксимбанк Қазақстан» АҚ-ны мәжбүрлеп тарату туралы 2018 жылғы 28 қарашадағы шешіміне «Қазақтелеком» АҚ-ның шағымын қанағаттандырусыз қалдырды. Осылайша, МАЭС-тың «Эксимбанк Қазақстан» АҚ-ны мәжбүрлеп тарату туралы 2018 жылғы 28 қарашадағы шешімі 2019 жылғы 16 қаңтарда заңды күшіне енді», - делінген хабарламада.

Ұлттық банктің мәліметінше, жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге «Эксимбанк Қазақстан» АҚ-дағы салымдарға, ағымдағы шоттарға және төлем карталарына орналастырылған ақша өтеледі. Өтемақы «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ-ның (ҚДКҚ) қаражатынан жинақталған сыйақыны ескере отырып, бірақ депозиттер бойынша кепілдіктің ең көп сомасынан аспайтындай салымның, банк шотындағы немесе төлем картасындағы ақша қалдығының сомасы шегінде төленетін болады (теңге депозиттері- 10 млн теңге, шетел валютасындағы депозиттер - 5 млн теңге, бір салымшының бір уақытта теңге және шетел валютасындағы депозиттері бойынша - 15 млн теңге).

Ескерте кетер жайт, шетел валютасындағы депозиттер бойынша өтемақы теңгемен төленеді. Өтемақы сомасын есептеуде 2019 жылғы 16 қаңтардағы нарықтық айырбастау бағамы қолданылады. Заңға сәйкес кепілдік қорынан депозиттер бойынша кепілді өтемақы «Қазпошта» арқылы төленетін болады.

«Эксимбанк Қазақстан» АҚ-ның салымшыларынан өтініш қабылдау және өтемақы төлеу алты ай ішінде - 2019 жылғы 4 ақпаннан бастап 4 тамыз аралығында жүргізіледі.

Айта кетерлігі, 2019 жылғы 4 тамызға дейін «Қазпочта» АҚ-қа жүгінбеген салымшылар агенттік келісімнің қолданылуы аяқталғаннан кейін ҚДКҚ-қа тікелей тиісті өтініш бере отырып, өтемақы алуға құқылы.

Сондай-ақ, өтемақы алу тәртібі туралы, сондай-ақ өтініштер қабылданатын «Қазпошта» бөлімшелерінің мекенжайы туралы ақпарат қосымша жарияланатын болады.