11 қаз, 2019 сағат 11:22

Экс-министр Қуандық Бишімбаев бостандыққа шықты

Бүгін Шымкент қаласының түрмесінде жазасын өтеп жатқан Қуандық Бишімбаев бостандыққа шықты. Бұрынғы Ұлттық экономика министрін мерзімінен бұрын босату туралы қаулыны Абай аудандық сотының судьясы Марат Шәріпов шығарған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Аталған соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, Қуандық Бишімбаев Қылмыстық процессуалдық кодекстің 72-бабы бойынша жазасын өтеп жатқан.

«Ол жазасын өтеу мерзімінің екіден бір бөлігін өтеп қойған және 167/3 түзеу мекемесінің басшылығы оған жақсы мінездеме берген. Осы жайттарды ескерген судья Қылмыстық процессуалдық кодекстің 476, 480 және 483 баптарын негізге ала отырып, сотталған Бишімбаевты 1 жыл 3 ай 13 күн бұрын босату туралы қаулы қабылдаған» делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Айта кетейік, бұл қаулы 25 қыркүйек күні қабылданып, кеше 10 қазан күні күшіне енген. Осы қаулыға орай бүгін Қуандық Бишімбаев түрмеден босап, бостандыққа шықты.

Еске сала кетсек, бұған дейін сотталған министрдің қорғаушысы оның жазасын өтеу тәртібін өзгертуді сұраған болатын.

Айта кетсек, өткен жылдың наурыз айында бұрынғы ұлттық экономика министрі мен осы іске қатысты өзге де айыпталушыларға сот үкімі шыққан еді. Сот үкімімен Қуандық Бишімбаевтің мүлкі тәркіленіп, 10 жылға сотталды. Сонымен бірге, ол өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Биылғы 4 қаңтар күні Қуандық Бишімбаев Шымкенттегі қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесіне ауыстырылған болатын.

Тергеу материалдарына сәйкес, Бишімбаев Қызылорда қаласындағы шыны зауытының құрылысына жауапты болған. Сол кезде оның інісі Сұлтан Нұрлыбек 2 миллион доллар көлеміндегі пара алуға делдалдық жасаған.

Бостандықтағы Бишімбаевтың суретін Instagram-да Санжар Алтаев есімді қолданушы жариялады.