25 ақп, 2019 сағат 15:28

Ел экономикасындағы инвестицияның маңызы қандай?

Елбасының Шетел инвесторларының кеңесімен кезекті жиналысында қазіргі кезде Қазақстанда 20 мың кәспорын шетел капиталының қатысумен жұмыс істейді, оның ішінде 7 мыңы шикізат өндіруші салаларда еместігі айтылған болатын. Инвестицияларды тартудың жан басына шаққандағы көрсеткіші бойынша еліміз соңғы он жылда үздік үштіктің құрамында болатыны жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев 2017 жылғы Қазақстан халқына «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында: «Қазақстан шетел инвестицияларын тарту ісіндегі көшбасшылығын сақтап қалуы қажет. «Астана» халықаралық қаржы орталығы ел экономикасына қаржы ресурстарын тартуда маңызды рөл атқаруға тиіс», - деп атап көрсеткен.

Осыған қатысты келесідей міндеттер алға қойылды: Қазақстанда өндірістер ашу жөнінде Қытаймен бірлескен инвестициялық бағдарламаны тиімді жүзеге асыру керек. Қытай тарапымен уағдаластыққа қол жеткізілді. Нысандар белгіленіп, нақты жұмыс істеуі қажет. Бұл қазақстандықтар үшін 20 мың жаңа жұмыс орнын ашатын заманауи өндіріс болмақ. Қазір 6 жоба жүзеге асырыла бастады, ал 2 жоба іске қосылды. Соның бірі – гибридтік және толықтай электрлі JAC автомобильдерін ірі құрылғылардан құрастыратын зауыт. Тұтастай алғанда, Қазақстанның өз Инвестициялық стратегиясы болуға тиіс. Үкімет оны биылғы 1 қыркүйекке дейін әзірлеуі керек. Халықаралық ынтымақтастық аясында ұлттық экономикалық мүдделерді қорғап, ілгерілету қажет. Бұл, ең алдымен, ЕАЭО, ШЫҰ ішінде Жібек жолы Экономикалық белдеуімен ұштасатын жұмыстарға қатысты. Ол үшін экономикалық дипломатия жұмысын қайта құрып, жандандыра түсу қажет.

Тікелей инвестицияларды тарту бірлескен кәсіпорындар ашу, еншілес кәсіпорындар ашу, мемлекеттік кәсіпорындарды шетел капиталының қатысуымен жекешелендіру, басқаруды шетелдік алпауыт өндірістік кәсіпорындарға беру және банк секторын инвестициялау арқылы жүзеге асады.

Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан–2050» Стратегиясында инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым, табыстылық қағидаттарына негізделген жалпы экономикалық прагматизмді экономикалық саясаттың жаңа курсы деп анықтады. Жаңа курсқа сәйкес экономикалық әлеуетті арттыру мақсатында Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуал жасалуы керек. Тиімді мемлекеттік инвестициялық саясат мемлекет экономикасының даму прогресіне әсер етеді. Бұл прогресс, ең алдымен, макроэкономикалық көрсеткіштердің оң динамикасына, яғни, ЖІӨ өсімі, мемлекет азаматтарының өмір сүру деңгейін көтеру болып табылады.

ҚР-ның статистикалық мәліметтеріне сәйкес, халықтың өмір сүру деңгейі жақсарғаны байқалады. Осылайша, Қазақстанда соңғы 8 жылда ЖІӨ-нің деңгейі 62,6%-ға өсті, айтарлықтай күнкөріс деңгейінен кем тұратын халықтың үлесі қысқарды, шамамен 1% кедейлік деңгейі төмендеді. Яғни бүгінде осы мәселелерге ҚР-ның Президенті ерекше көңіл бөледі және оларды шешудің оң тенденциясы инвестициялық қызметпен анықталады. Қазіргі кезде мемлекеттің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі экологиялық, әлеуметтік, саяси, экономикалық жаһандану және дағдарыс жағдайындағы елдің экономикалық дамуының тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылады. Осыған байланысты озық экономиканы, жаңа экономикалық тұтқаны және елдің даму тұрақтылығын қалыптастыру үшін инвестициялық даму жобаларын пайдалану қажеттіліктерін анықтау керек.

Біздің еліміздің мемлекеттік инвестициялық саясатының басты мақсаты бюджеттік емес қаржыландыру көздеріне жағымды орта қалыптастыру және отандық және шетелдік инвестиция көздерін тиімді инвестициялық проектілердің мемлекеттік қолдау мақсатында тарту болып табылады. Елімізге тұрақты құны бар бірнеше экономикалық секторлар бар: табиғи ресурстарды дамыту, инфрақұрылым, байланыс және ақпарат. Бұл секторларды дамыту тек экономикалық өсуге әсер етіп қана қоймай, әлеуметтік салаға да, Қазақстанның әлемдік ұйымдарға бірігуіне де әсер етеді. Бұл капиталды қажет ететін салалар, олардың дамуы үшін шетелдік капиталды ғана қажет етіп қана қоймай, мемлекеттің қатаң стратегиялық бақылауы да қажет.

Нарықтық қатынастарға назар аудара отырып, экономикалық реформалардың негізгі бағыты экономикалық өсудің жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және экономиканың тиімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттің инвестициялық саясатының дамуы мен жүзеге асырылуы болып табылады.

Қазіргі жағдайда республиканың экономикасына шетел капиталын тарту, үкіметтің реформаларды тереңдету бағдарламасының және шектеулі ішкі қаржыландыру көздері жағдайында, экономиканың құрылымдық өзгерісін қамтамасыз ету үшін өте маңызды. Мемлекеттің экономикасын дамыту үшін елдер арасындағы өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі болып табылатын шетелдік инвестицияларды тарту және тиімді пайдалану қажет.