16 мам, 2017 сағат 09:20

Сағынтаев: Экономикамыз өсіп келеді деп арқаны кеңге салмауымыз керек

ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов бүгін Үкімет отырысында 2017 жылдың 4 айында Қазақстанның ЖІӨ-і 3,7 пайызға өскенін мәлім етті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап. Өз кезегінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев босаңсымай, қол жеткізілген жетістікті ары қарай өрістетуді тапсырды.

«Қорытындыдағы мәліметтер жалпы жаман емес, бірақ төрт айда болған жетістіктер бізді босаңсытпауы керек. Қазір министр (ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов - авт.) база соншалықты көп болмағанын да айтты, бірақ негізгі жұмыс екінші жартыжылдықта орын алады. Сондықтан барлығымызға - орталық және жергілікті атқарушы органдарға Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүзеге асыруды жалғастыру қажет. Осы орайда, ҚР Инвестициялар және даму министрлігіне өңдеуші өнеркәсіптегі қалыс қалып келе жатқан салалардағы жағдайды түзетуге көңіл аударуы тиіс», - деді Үкімет басшысы.

Тимур Сүлейменовтің ойынша, аталмыш көрсеткіштер жыл бойына сақталмайды. Себебі 2016 жылдың алғашқы 5 айында ЖІӨ әрдайым құлдырап келді және 0,2%-ке дейін жеткен болатын. Сондықтан төменгі база эффектісі сақталады.

«Сондықтан алғашқы жартыжылдықта бұл эффект толықтай сарқылады және жылдың 2,5 проценттік өсімге қол жеткізу үшін өсімнің жаңа қорларын іздестіруіміз керек болады», - деп түйді Т. Сүлейменов.