22 қаң, 2019 сағат 10:30

Экологиялық жауапкершілік бойынша мұнай-газ компанияларының рейтингі жарияланды

Қазақстандағы экологиялық жауапкершілігі бойынша түзілген мұнай-газ саласындағы компанияларының рейтингі жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мұнай-газ компанияларының экологиялық жауапкершілігі БҰҰ-ның өңіраралық бөлімшесі, Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры және КРЕОН энерджи компаниясының ықпалымен елімізде екінші рет өткізілуде. Мұнай-газ саласындағы ақпараттық қолжетімділікті анықтау бойынша тұрақты негізде жүргізілетін жұмыс жер қойнауын пайдаланушылардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға оң әсер етеді», - деді Астанада өткен жиында Энергетика вице-министрі Сәбит Нұрлыбай.

Оның айтуынша, 2017 жылдың қорытындысы бойынша рейтингте бірінші орын алған «ҚазМұнайГаз» компаниясы. Екінші орынға «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» компаниясы тұрақтаса, үшінші орыннан «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ иеленген.

«2018 жылдың экологиялық іс-шараның жеңімпаздарын анықтау үшін 19 компания қатысып отыр. Жалпы, 2018 жыл еліміздің мұнай газ салалары үшін өте жоғары көрсеткіштер болды. 90 млн тоннадан астам мұнай өндірдік. 55 млрд текше метр газ шығарылды. Осыған байланысты мұнай-газ секторы компанияларды өндіру және қайта өңдеудің экологиялық зиянсыз технологияларын енгізуге барлық мүмкіндіктер бар деп ойлаймыз», - деді вице-министр.

Рейтинг бойынша бірінші және екінші орынды биыл да «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» алып отыр. Үшінші орынға «Ембімұнайгаз» АҚ тұрақтаса, төртінші және бесінші орында «Норт Каспиан Оперейтинг» және «Қаражамбасмұнай» АҚ. Одан кейінгі рейтингті «Жайықмұнай» ЖШС, «Теңізшевройл» ЖШС, «Каспий мұнай» ЖШС, «СНПС-Ақтөбемұайгаз» АҚ, «Қазгермұнай» компаниясы, «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «Қазақойл-Ақтөбе» ЖШС, «Саутс Ойл» ЖШС компаниялары жалғастырады.