15 сәу, 2019 сағат 07:15

Экологиялық альянс Президент сайлауына өз үміткерін ұсынбақ

«Байтақ болашақ» экологиялық альянсы ҚР Президенттігіне үміткер ретінде Азаматхан Әміртайды ұсынбақ.

«Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы, саясаттанушы Азаматхан Әміртай алдағы болатын кезектен тыс Президенттік сайлауға қатысады.

«Байтақ болашақ» экологиялық альянсы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылтайшылары мені Қазақстан Республикасының Президентіне үміткер ретінде ұсынған соң жан-жақтан толассыз қолдаулар келіп жатыр. Әсіресе кәсіпкерлік қауымдастықтары, тәуелсіз журналистер, экология жанашырлары, ұлтшыл әрі патриот ағайындар және еліміздің танымал тұлғалары өз қолдауларын білдіріп жатыр. Мен үшін бұл көрсетілген сенім өте маңызды!» дейді ол өз сөзінде.

Саясаттанушы бұған дейін ел тізгінін ұстайтын президент жаңа саяси реформа жүргізе алатын адам болуы керек деген болатын.

«Қазір әлемдік геосаясатта үлкен дағдарыстар пайда болуда. Қазақстан осы дағдарыстарда өзінің нақты орнын айқындауы керек. Сондықтан билікке келетін президент Қазақстанда жаңа саяси реформа жүргізе алуы қажет», – дейді ол БАҚ-қа берген сұхбатында.