18 сәу, 2018 сағат 09:50

Бас мүфти: ЭКО жасатқанда ұл не қыз ұрпақты таңдау - шариғатқа қарсы емес

Бас мүфти Серікбай қажы Ораз қазақстандықтарды мазалайтын жасанды ұрықтандыруға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Діни басқарма жасанды ұрықтандыруға қатысты пәтуа шығарды. Жасанды жолмен ұрықтандыру кезінде баланың жынысын таңдауға рұқсат бар.

ЭКО жасату кезінде ұл немесе қыз ұрпақты таңдап алуға енді шариғат қарсы келмейді. Алайда, ерлі-зайыпты қатты зәру болғанда ғана осы әдісті қолдануы тиіс. Мәселен, болашақ ата-ананың бірі бедеу немесе тұқым қулайтын аурулар болса ғана.

Өйткені, генетикалық дерт көбіне ұл балаға беріледі. Ал, қыз балаға берілмеуі мүмкін.

Айта кетерлігі, ерлі-зайыптылар заң мен шариғат алдында некеде болулары тиіс. Сондай-ақ, ғұламалар кеңесі туыла сала шетінеп кететін шақалақтарды жерлеудің жөн-жоралғыларына да қатысты пәтуа шығарды.

«Егер түсік болатын болса, 12 мүшесінің белгісі болатын болса, біз толыққанды жаңағы атын айтып, жерлеуімізге болады. Ал, егер де 12 мүшесі де бүтін, ағзасында кішкене қыбырлаған, яки болмаса, дауысы шығып, сондай болатын болса онда атын айтып және жаназа намазын оқып, жерленеді деген сөз», - деді бас мүфти Серікбай қажы Ораз.