08 мам, 2019 сағат 15:00

Екібастұздықтар балаларын балабақшаға автоматтардырылған жүйе арқылы кезекке қоя алады


Енді екібастұздық ата-аналар үшін баласын балабақшаға кезекке қою бұрыңғыдай қиындық тудырмайды. Ол үшін тек ұялы телефон мен интернеттің ғана көмегі жеткілікті. Ата-аналар «Balabaqsha.sitcen.kz»  сайтына арнайы кіріп, автоматтандырылған қызмет түріне қол жеткізе алады.

Қазіргі таңда бұл қызмет түрі бір жүйеге келтіріліп, ешқандай кедергісіз жұмыс жасауда. Автоматтандырылған жүйе арқылы ата-аналар порталға тіркеліп, өз өтініштерін қалдырып, балабақша кезегінің жылжу барысын қадағалай алады.  Ал, келіп түскен өтініштерді тіркеу, екі жақты келісім-шарт жасасу қызметтері  ата-ана мен балабақша арасында ғана жүзеге асады.

Порталда көрсетілген мәлімет бойынша, бүгінде балабақша кезегіне тұруға келіп түскен өтініштердің саны 19 817 құрайды. Автоматтандырылуға қосылған балабақшалардың саны 1 599 құраған. Екібастұз қаласы бойынша тіркелген балабақшалар қатарында «Алтынай», «Радуга», «Малыш», «Балауса», «Қарлығаш», «Балдәурен», «Балапан», т.б. балабақшалары бар. Ал, облыста өткен жылы 500 бала балабақшаға жолдама алған.

«Balabaqsha SitCen» автоматтандырылған жүйесін орнатуға бірнеше фирма өз қызметтерін ұсынған.  Қала әкімдігінің айтуы бойынша, аталған қызмет түрі ата-аналарға өте тиімді болмақ. Порталда мәселелердің алқалық шешімі және тәрбиешілер, ата-аналар, мемлекеттік органдар арасындағы кәсіби ашық диалог жүргізіледі. Сондай-ақ, сайтта ата-анаға қажетті барлық ақпараттар тізімі де берілген. Кез-келген ата-ана өзіне қажетті ақпараттарды көрсетілген бөлімдерге кіру арқылы ала алады.

Айта кететін жайт, жаңа жүйені іске қосу еліміздегі «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасың аясында жүзеге асырылып отыр. Бұл порталдың тиімділігі ата-аналарға уақыт жағынан ұтуға және атқарылған жұмыстар барысында ашықтықтың болуына септігін тигізбек.