#
#
Сенбі 21/07/2018

"Екі жыл бұрын өліп қалғанымда, маған мүмкін бір атақ берер ме еді?!" - Баян Алагөзова

  • 11.04.2018
  • 0
  • 10927

Таяу күндері Шымкент шаһарына «Сиситай» фильмінің көрсетілімі үшін келген танымал продюсер Баян Алагөзова жергілікті тілшілердің де құрығына түскен. Арнайы берген сұхбатында ол көптеген жәйттердің бетін ашады.  Ендеше, otyrar.kz порталында жарияланған қызықты сұхбатты сіз де оқи отырыңыз.

– Баян Мақсатқызы, фильмді неліктен «Сиситай» деп атадыңыз?

– Егер «Динара», «Әсем» немесе «Айдана» деп атасақ, осыншалықты назар аудармас еді. Фильм мюзикл жанрында түсірілген. Мұндай туынды Қазақстанда бұрын болмаған. Осы күнге дейінгі жобаларымның ішіндегі көңілім толатыны – осы «Сиситай». Киноның көрсетіліміне тек Шымкентті таңдадық. Келушілердің қатары қалың болды.

– Шымкент және оның жастары туралы не айтасыз? Шымкентте тұрғыңыз келеді ме?

– «Шымкент – мемлекет ішіндегі жеке бір мемлекет. Шымкентті жақсы көремін, Шымкент мені жақсы көреді, әсіресе, жастар» дер едім. Әйткенмен ұзақ уақыт бойына Шымқаланың менталитетін түсіне алмадым. Әлі күнге түсінбеймін. Мен күнгейдің қыз-келіншектері сияқты күйеуінің қабағын бағып, көңілін табуға жаралған жан емеспін. Олар болса, бағынып тұрып, басқарады. Ызаланып тұрған еріне еркелеп, жылы сөздерін айтып, қазір ғана ызаға булыққан әрекетін ұмыттырып жібереді. Мен - батыстың қызымын. Батыстың әйелдері бұрыннан ерлермен қатар аттың үстінде шауып, жаугершілікке шыққан. Сол үшін қатыгездеу болып келеміз. Шымкенттің басты айырмашылығы — келісімге келу жүйесі қалыптасқан. Барлығын келісуге болады. Шымкенттіктердің жайдары мінезін дәруменнің көптігімен байланыстырамын. Сіздерде жеміс-жидек, көкөністердің түр-түрі өседі. Соған қарамастан, бұл қалада, мұндай менталитеттің ортасында тұра алмас едім.

– Жобаларыңыз мақтаудан гөрі сын садағына ілініп жатады. Соның бірі — «Кешью» тобының «Swa la la” бейнебаяны…

– «Swa la la» әнінің аудиториясы – жастар. Рэпер Ballerге «жастар арасындағы соңғы сәндегі сөздерді қолданып, жазуға тырыс» деп өтініш жасадым. Ән «Ешкере» деген сөзден басталады. Көбі мағынасын түсінбей жатыр. Мен де алғашында естігенде күлгенім бар. Ол «қане, жасайық» дегенді білдіреді екен. Жұмысты толық көргеннен кейін жастар арасында хит болатынын түсіндім. Екі аптаға жетпей 2,5 миллион көрілім жинадық. Лайктан гөрі дизлайк көп. Заманауи психологияда «қаншалықты дизлайк көп болса, сен соншалықты танымалсың» деген түсінік қалыптасқан.

– «Кешью» тобының құрамы неліктен тез өзгереді?

– Өзіңіз ойлаңызшы, топтың алғашқы қыздары әлі құрамда болса, жастары 34-тен асқан болатын еді. Мен 34 жастағы «әйелдермен» жұмыс істегім келмейді.

– «Кешьюдің» қай құрамын жақсы көресіз?

– Алдағаным емес, ешқайсысын бөліп-жарып қарамадым. Бар құрамына Бағым Мақсатқызы екеуміз бар жанымызды салдық, махаббатымызды, уақытымызды арнадық. Ең көп табыс әкелген құрамды айта аламын. Ол — «Алтын құрам», яғни Айдана Меденова, Кәмшат Жолдыбаева, Жанар Дұғалова.

– Ерке Есмаханды танымал еткен Баян Есентаева ма?

– Мен продюсерлік еткен жұлдыздардың барлығы мықты мектептен өтті. Үздік әндер жаздырды. Пиар жасай алды. Шоу бизнесте алға жылжыды, танымал болды. Мөлдір, Жанар, Айдана… Бұл тізімді кешке дейін айта беруге болады. «Бәрін де мен танымал еттім» деп жар салмаймын. Бірақ, қанша қаламаса да олардың маңдайында «Баянның қол астында жұмыс істеген» деген жазу ұзақ тұрады. Менің жұмысым – жұлдыз жасау. Ол сол деңгейге жеткенде өзі жеке кетеді. Жаңа жұлдыздарды жасаймын. Үйреніп кеттім.

– Той жүргізесіз бе?

– Енді ешқашан. Неге дейсіз ғой. Маған хабарласып, тойларын жүргізіп беруімді өтінетіндер көп. Әдейі «бас тартсын» деп 20 мың доллар сұраймын. Бір күні тағы біреу қоңырау шалып, сол ақшаны беруге дайынбыз деді. Келістім. Тойда менің түрімді көрсеңіз ғой, бірінші курстың студенті сияқты көзім жыпылықтап, екі сөздің басын қоса алмадым. Қатты ұялдым. «Ух» деп тойды аяқтады. Ұят болса да, ақшаны алдым, өйткені уақытым кетті. Содан кейін «ешқашан, ешқандай жағдайда, қанша ақша берсе де асаба болмаймын» деп өзіме уәде бердім.

– Қазақстан шоу-бизнесіне сенесіз бе?

– Әрине, сенемін. Деңгейі жаман емес. Тек бір аяныштысы, қазақстандықтар өздерінен шыққан жұлдыз болсын, басқа саланың үздіктері болсын, көзі тірісінде аяғынан шалып, құлату керек. Тек көз жұмғаннан кейін ғана қадіріне жетіп, атақ беріп, артынан әдемі сөздер айтады. Екі жыл бұрынғы оқиғадан кейін өліп қалғанымда, маған мүмкін ақыры бір атақ берер ме еді?!

– Бірінші күйеуіңіз Бақытбек Есентаевпен болған оқиғаны айтып қалдыңыз, өміріңізде үлкен із қалдырған шығар…

– Иә, әліге дейін толық айыққан жоқпын, өзіме келіп жатырмын деуге болады. Сол оқиғадан кейін жанымда, денемде жара қалды, жобаларым тоқтап қалды. Бірақ өмір жалғасып жатыр. Қайтадан жұмысыма кірістім. Иә, бұрынғыдай бар күшіммен, бар ынтаммен болмаса да, біраз тірлік тындырдым. Халық болса, менің жағдайымды түсінбей, тек сынға алды. Толық есімді жиюға мүмкіндік бермеді. Журналист, блогерлер ақ-қарасын білмей, ойына келгендерін жазды. Маған кішкене уақыт беруге болатын еді ғой. Біздің халықта жан ашу деген жоқ, қатігез. Менің де біреудің қызы, анасы, одан қала берсе әйел екендігімді ұмытты. «Темірден жаралған» деп ойлай ма білмеймін, «қателік жасауға мүмкіндігі жоқ» деп есептейді. Бірақ, айналайындар, мен де сендер сияқты еттен жаралған тірі адаммын, қателік жасауға құқым бар. Басыма түскенді жауыма да тілемеймін.

– Жеке өміріңізге ойыссақ. Тұрсын Алагөзовпен 1000 адамға арналған той жасаймыз деп жоспарлаған едіңіздер, бірақ олай болмады…

– Той тек көргіміз келген ең жақын адамдарымыздың қатысуымен өтті. Жеке өмірімнің бәрін көрсетуге міндетті емеспін. Сондықтан ешқайда жарияламау-ды шештім. Біз әлі жас жұбайлар болып есептелеміз. Бақыттымын. Сүйіктімін. Бұдан артық не керек? Бір-бірімізді бір сөзден түсінеміз, құрметтейміз. Мен оған қатты бауыр басып қалғанмын, қайда барсам да жанымда болғанын қалаймын.

– Саяхатқа жиі шығып, шет елдерде көп болатыныңызды білеміз. Біздің қыз-келіншектердің статусы басқа елмен салыстырғанда қандай?

– Өкінішке қарай, біздің еркектердің басым бөлігі үшін әйелдің қадірі жоқ. Кез келген дамыған елге барыңызшы, әйелді адам ретінде, өздерімен тең көреді. Ал бізде әйел адам күйеуінің қас-қабағына қарап сөйлеу керек, киіну керек. Көңіл-күйі болмаса, көңілін көтеру керек, тек жылы сөздер айту керек. Тамақ, балаларға қарау тек әйелдің мойнында. Міне, осындай принциппен өмір сүреді. Ал әйелдің көңіл-күйіне кім қарайды, кім жылы сөздер айтады, ол ешкімге керек емес. Иә, дұрыс, күйеуін құрметтеу керек, бірақ бұл «әр айтқанына бағыну» деген сөз емес. Осы тақырыпты көтеремін деп, «позор страны» деген атқа ие болдым. Десе де, бұл ұстанымымнан қайтпаймын.

– Бұл ұстанымыңыз сізді оқитын, тыңдайтын жастарға кері әсер етеді деп ойламайсыз ба?

– Мен - ақылды адаммын. Мені түсінетіндер де ақылды адамдар. Бұл айтқанымда оғаштық бар деп есптемеймін. Егер халық ескімен өмір сүреміз десе, телефондарын тастасын, киноға бармасын, автокөліктің орнына ат мінсін, джинсы, кроссовкиді шешсін. Жоқ, ондайға ешкім бармайды.

– Үйде кім бастық? Тұрсын: «Баян, тамақ дайын ба?» деп дауыс көтеретін кездер болады ма?

– Мен ешқашан ешкімге бағынбаймын. «Әйелдер еркектермен бір деңгейде болу керек» дегенді ұстанамын. Бірінші некемде де, қазір де сондай. Үй бикесі емеспін, тамақ пісіріп, ыдыс жуу дегенге жақындамаймын. Менің қолымнан жақсы келетіні – үй қызметкерлерін басқару. Асхана жұмысына араласпасам да, үйде күнбағыс майы не майлық болмай қалу немесе Тұрсынның киімі жуылмаған, үтіктелмеген деген болмайды. Ескертуді екінші ретке дейін жеткізбеймін.

– Көрермендермен селфи жасаудан бас тарттыңыз. Неге?

– Иә, мұны да айта кетейін, әйтпесе, ертең «Баян адамдарды менсінбей кеткен» деп жазатындар табылады. Көзім жаралы болғаны үшін селфи жасамаймын. Камераға жақын арақашықтықта және тік қараған кезімде көзімдегі зақым қабынып кетеді.

– Қазақстанды тастап, басқа елге кетер ме едіңіз?

– Тек қана қуып шықса ғана… Мұны көбі қалайды. Патриотпын демеймін, бірақ өз елімді жақсылығымен де, кемшілігімен де сүйемін. Өзімді Қазақстаннан басқа елдің тұрғыны ретінде елестете алмаймын. 100 пайыз қазақпын, менің арғы ата-бабаларым да - 100 пайыз қазақ.

Дайындаған – 
Әлия ӘДІЛБЕК

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар