03 қаз, 2019 сағат 16:34

Екі жарым миллион теңге алатын мұғалімдердің есімдері белгілі болды

Елордада "Үздік ұстаз - 2019" республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Биылғы конкурсқа республика бойынша 4 мыңға жуық педагог қатысты. Олардың ішінен 633 ұстаз облыстық турға өтті. Ал финалға 178 педагог жолдама алды. Барлығы 64 адам үздік ұстаз атанды. Жеңімпаздарға арнайы төсбелгі мен марапаттау қағазы табысталды. Бұдан бөлек, әрбіреуіне 1000 айлық есептік көрсеткіш (2 миллион 525 мың теңге) көлемінде беріледі.


Жеңімпаздардың ішінде Көкшетау қаласынан келген ағылшын пәнінің мұғалімі Самал Ахметжанова да бар. Ол барлық турлардан сүрінбей өтіп, биылғы жылдың үздік педагогы атанып отыр.

"Облыстық турда 24 педагог болдық. Ол жерде іріктеу төрт кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде өзімізді таныстырдық. Екінші кезеңде сабақ беруімізді көрсеттік. Одан кейін эссе жаздық. Ал төртінші кезеңде портфолиомызды жібердік. Сөйтіп, қазылар өз бағасын беріп, жеңімпазды анықтады", - деді Ахметжанова тілшілерге берген сұқбатында.

Ал республикалық деңгейде қатысушылар тағы эссе жазып, порфолио тапсырған. Оған қоса, "Менің жүрегімнің мектебі" тақырыбында бейнебаян түсірді.

"Республикалық іріктеуден де өтіп, жеңімпаздардың қатарынан көріндім. Меніңше, бұл - жылдар бойы жинаған еңбегім. Сосын оқушылардың жетістіктері жақсы болса, жеңіске жетуге болады. Еңбек өтілім – 18 жыл. Осы конкурста жеңген ұстаздарға 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақы береміз деп жатыр. Әзірше, ақшаны қалай жұмсайтынымды білмеймін. Әлі жоспарланған жоқпын. Бірақ орны табылады ғой. Ақшаны алғасын көреміз", - деді Ахметжанова.