25 сәу, 2017 сағат 11:37

Екі адамды құлдықта ұстаған экстремист Ақтөбеде қарумен ұсталды

Экстремистік діни ағымның өкілі, осыған дейін сотты болған ер адам Ақтөбеде қарумен ұсталды, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полицейлердің мәліметінше, ер адам Ақтөбеде 2017 жылдың 14 сәуірінде ұсталды. Тінту жұмыстары барысында күдіктінің көлігінен үш мылтық табылған. Сондай-ақ, оның Мартұқ ауданындағы тұрғылықты мекенжайын тексеру барысында басқа да айғақтар табылған.

Сонымен қатар, ұсталған ер адамның екі адамды - Өзбекстанның 1965 жылғы азаматы мен Ақтөбенің 1974 жылғы тұрғынын құлдықта ұстағаны белгілі болды.

Полицейлердің мәліметінше, ер адам осыған дейін бұзақылық үшін, қарумен заңсыз операциялар жүргізгені үшін және адам өлтіргені үшін үш рет сотты болған.

Сонымен қатар, ол 2016 жылдың қараша айында тапаншамен ұсталып, үш жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда кейінірек оған рақымшылық жасалғаны белгілі болды.

"Мемлекеттің гуманистік актісіне құлақ аспаған экстремист тағы да ауыр қылмыс жасап, азаматтарға және ұйымдарға қаруланған шабуыл жасау үшін қару дайындаған", - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Ақтөбе облыстық ІІД мәліметінше, биыл облыстық ІІД қызметкерлері экстремистерден әскери граната мен алты оқ ататын қару, сондай-ақ, екі тапанша тәркілеген.