22 мам, 2017 сағат 06:53

ЕХРO: Маса қырғыны

Астанада масамен алапат күрес басталыпты. Әсіресе, EXPO-2017 көрмесі өтетін Есіл ауданындағы масалардың тұқымын тұздай құрту науқаны 20 сәуірден басталып кетіпті. Маса қырғыш мекеме – Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау департаменті 15 мамырда маса қырғынының екінші кезеңіне білек сыбана кірісіп, масалардың ұясы саналатын тоғандар мен қар суынан қалған көлшіктер, жертөлелер түгел тінтіліп, ызыңдайды-ау деген жәндіктер жөргегінде тұншықтырылып жатқан көрінеді.

Масамен күреске қазынадан қанша ақша бөлінгені белгісіз, бірақ дәл қазір күрестің қызған шағы. Себебі ЕХРO-2017 көрмесінің ашылуына аз уақыт қалды. Ал әлгі оңбаған маса ызыңдап көрмеге келетін қонақтардың мазасын алып, Астананың имиджіне нұқсан келтіруі әбден мүмкін екен. Көрдіңіз бе, мәселе қайда! Демек, масадан басқа нәрсе Астананың имиджіне нұқсан келтіре алмайды деген сөз. 2015 жылы Астана қаласы тұтынушылар құқығын қорғау департаменті «2017 жылға дейін масаларды түп-тұқиянымен құртамыз» деп зор міндеттеме алған екен. Алайда жылда шығатын масаны біржолата құртып жіберу қолдарынан келмейтінін түсініп, алдыңғы екпіндері басылған маса қырғыштар «енді тым болмаса ызыңдаған бәленің санын күрт азайтамыз» деп қызу күрес үстінде қауырт жұмыс істеп жатыр.

Жалпы, маса атаулы мазасыз, ызыңдап ығыр қылатыны болмаса, ол да тірі жәндік. Адамның арам қанын сорады деседі. Зиянкестігі де бар, әрине. Бірақ Астананың имиджіне нұқсан келтіретіндей зиянкестігін көрмеген екенбіз. Бас қаланың имиджіне масасыз-ақ талай нұқсан келді ғой. Санамалай кетсең, санына жетпей қаласың: мәселен, миллион доллар пара алып ұсталса да, отсыз-сотсыз босап кете берген Нидің оқиғасының өзі ресми Астананың сот жүйесінің беделіне жағылған қара күйе емес пе?! Өйткені Астана имиджі дегеніңіз – ресми биліктің іс-әрекетінен құралады ғой. Ни аз десеңіз, министрлердің елге күлкі, дұшпанға таба болған неше түрлі қылықтарының өзі елорданың беделін талай рет шұрқ-тесік қылды ғой. Үлкен жақтан алғанда, сайлау жүйесі, сөз бостандығы, халықтың әлеуметтік жағдайы, мұнайға тәуелді экономиканың аухалы – бәрі-бәрінің шын мәніндегі жағдайы Астананың имиджінің ел ішінде қандай дәрежеде екенінің көрінісі. Осы жайларды тізбектеп ойласаң, маса «Астананың имиджіне нұқсан келтіреді» деген нәрсе күлкілі ғой. Әрине, жоғарыдан беріл¬ген тапсырманы асыра орындауға әдеттенген шолақбелсенділік «масаны тұқымымен құртамыз» деп айтқызып, енді қалайда көрме кезінде масаны болдырмаудың амалын жасап жатқаны түсінікті. Бірақ маса адамды шаққаны болмаса, жемқорлыққа белшесінен батқан жүйенің шенеуніктері құсап қазынаның қаржысына түспейді, келсін-келмесін «Алға, Қазақстандап» науқаншылдықпен айналыспайды. Бәлкім, ресми Астананың масаға өшіккені содан ба екен... Мүмкін, Арқаның сары масасына да нақты әрі ірі саяси реформа, әділ сайлау, ауыспалы, ашық, есеп беруші билік, демократия мен сөз бостандығы керек шығар. Ала жаздай ызыңдап, Астананың мазасын алатыны содан ба екен... Әлде баяғы Ахмет Байтұрсынұлының «Масасындай» ұйқыдағы қоғамды шағып оятпақ болып жаны қалмай ызыңдап жүрген болар...

Масаның өзіне келер болсақ, бұл жәндік кім көрінгенді шаға бермейді. Үнемі қозғалыста жүретін адамға маса үйір келеді. Сондықтан қыста жылы, жазда салқын кабинеттен шықпайтын қозғалысы өте аз шенеуніктер сары маса шағады-ау деп уайымдаса да болады. Ал сол шенеуніктердің тапсырмасын орындаймыз деп алашапқын болып ойға-қырға шапқылап, тыным таппайтын науқаншыл, шолақ белсенді орындаушыларды маса оңдырмай шағады.

Қаланың ішіндегі ұясын қанша ойрандап, қырғын сал¬ғанмен, маса ЕХРO-2017 қонақтарын да оңдырмайды-ау. Қонақ демекші, көрмеге баратындардың 85 пайызы Қазақстан азаматтары деген дерек бар. Оның көбі мұғалімдер болса керек. «Ұстаздар қауымына көрме билеттерін міндеттеп алғызып жатыр» деген ақпараттың шыққанына да көп бола қойған жоқ. Ал ЕХРO көрмесінің билеттерін амалсыз алып жатқан мұғалімдерде маса соратындай қан да қалмаған шығар. Билік қит еткен науқанның бәріне көк есектей жегіп-жегіп әбден қанын іш¬кен мұғалімдер биліктен гөрі масаны тәуір көреді-ау...

Сөз басында масаның бәрін қырып бітіре алмайтындарын маса қырғыштардың өздері де мойындап отырғанын айттық. Шынында да, Астананың айналасында 60 шақырым қашықтық аралығында ызыңы құлақ тұндырар, талауға даяр даланың аш масасынан қашып құтылмасың анық енді... Қар мол түсіп, дала жайқалып тұрған жазда «Астананың имиджіне зиянымыз тимесін» деп дала масасы жайбарақат жатады дейсіз бе?!. Осыны ойласаң, маса қырғыштардың еңбегі зая кететін болды-ау деп уайым қыласың. Маса қырғынына бөлінген бюджет ақшасын қойшы, қазынадан қаражат қайда бөлінбей жатыр, кімдер алмай жатыр оны... Бюджеттен миллиардап ақша бөлініп, лентасы қиылған талай зауыт, өнеркәсіп жылға жетпей жабылып тынды емес пе?!. Оның қасында маса қырғынына бөлінген ақшаның қызы¬ғын бірер ай болса да астаналықтар көріп қалады. Қарапайым жұртқа тиер пайда сол болар деп топшылап отырмыз. Дегенмен маса қыру науқаны көрме аяқталған соң сап тыйылатынын бал ашпай-ақ білуге бола¬ды. Сондықтан Астанадағы ағайынды сары маса көп сағындырмай қайта оралар. Ал ЕХРO-2017 көрмесі ел есінде маса қырылған жаз болып қалатын сияқты.

Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ

"Жас Алаш" газеті