01 там, 2018 сағат 15:08

eGov.kz aрқылы төлемнің 18 түрін төлеуге болады

Бұдан былай Электрондық үкімет порталының көмегімен ел тұрғындары жаңа салықтар мен міндетті төлемдердің 18 түрін төлей алады. Бұл туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мен Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті хабарлайды.

Бұл қызмет салық төлеушілерге (жеке және заңды тұлғаларға) 18 түрлі салықтарды және міндетті төлемдерді төлеуге мүмкіндік береді. Олар: корпоративтік табыс салығы (2 түрде), жеке табыс салығы (3 түрде), әлеуметтік салық, заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер мүлiгіне салынатын салықтар, жер салығы (2 түрде); заңды тұлғалардың көлiк құралдарына салынатын салық, Бірыңғай жер салығы, қосылған құн салығы (6 түрде), акциздер (12 түрде), арнайы төлемдер және жер қойнауын пайдаланушылар салығы (10 түрде). Сондай-ақ, экспортқа салынатын рента салығы (2 түрде), ойын бизнесіне салық (2 түрде), тіркелген салық, алымдар (10 түрде), төлемдер (15 түрде), кедендік төлемдер (27 түрде), басқа төлемдер (2 түрде), баждар (2 түрде) енеді.

Ал, төлемді жүргізу үшін салық төлеуші ретінде тіркелу керек. Төлемді жүргізу үшін қаражаттың болуы қажет екен.

Салық төлеуші жеке тұлға ретінде авторизациялау мүмкіндігіне ие. Сондай-ақ, ол заңды тұлға салықтарын да төлей алады. Бұған қоса, БСН деректерін толтыра отырып, төлем жасауына болады. Ол төлемдерді жасау үшін электрондық цифрлық қолтаңба мен порталда авторизациядан өту талап етілмейді. Көрсетілген қызметтерден соң электрондық түбіртек нәтиже ретінде көрсетіледі.

Бұған дейін, порталда жеке тұлғалар үшін салықтардың 4 түрі ғана төлем үшін қолжетімді болатын. Олар: мүлікке салық, көлікке салық, жер салығы және өсімпұл, айыппұлдар, салықтар берешегі.

Айта кетейік, «Электрондық үкімет» – бұл мемлекеттік қызмет көрсетулерді автоматтандыру және оңтайландыру, қоғамды мемлекеттік басқару мәселелеріне тартуды арттыруға бағытталған. «Электрондық үкіметті» қалыптастырудың негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметті АКТ-ны пайдалану арқылы көрсетіп, азаматтардың мемлекеттік басқару үдерісіне қатысу дәрежесін ұлғайту болып табылады.

Бұған қоса, мемлекеттік қызметтің ішкі тиімділігін арттыру да басты мақсаты саналады. «Электрондық үкіметті» құру идеясын ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев 1997 жылы «Қазақстан-2030» мемлекеттік бағдарламасында көтерген болатын. «Электрондық үкіметті» қалыптастырудың әлемдік тәжірибесіне келер болсақ, онда «электрондық үкімет» пен электронды демократияны құру идеясын алғаш рет АҚШ пен Ұлыбритания ғалымдары ұсынса, Сингапур мен Оңтүстік Кореяда табысты жүзеге асырылып жатыр.