02 там, 2018 сағат 14:22

"Егер адамдар 100 жасқа дейін жұмыс істейтін болса..." - ВВС

Зейнетақыға кететін шығын көбейген үстіне көбейіп жатыр, сондықтан күндердің күнінде адамдар мүлдем зейнетке шықпайтын болуы мүмкін. Ендеше шашымыз әппақ болып ағарып, өзіміз қаусап қартайған кезде біз қандай жұмыстар істей алар едік? Ондай жасымызда жұмысқа шамамыз келе ме? Және кім бізді жұмысқа алуы мүмкін?

«100-ден 105 жасыма дейін мен төрт ғылыми мақала жаздым» дейді қарсы алдымда отырған қарт адам. Қазір 106 жастағы Билл Фрэнклэнд сірә әлемде жұмыс істеп келе жатқан ең кәрі дәрігер. Біз кездесетін күн сенбі еді, аспан жарқырап тұр, ал ол кісі мені Лондондағы кеңсесіне қуана шақырды. Өзі костюм киіп, галстук таққан, ал отырған орнының айналасы ғылыми кітаптарға толы.

Фрэнклэнд дәрігер мамандығын 1930 жылдары алды. Ұзақ әрі табысты еңбек жолының арқасында ол аллергия мәселелері бойынша әлемдегі ең беделді маманға айналды. Ол антибиотиктерді ойлап тапқан Нобель сыйлығының иегері Александр Флемингпен жұмыс істеді. Бір кездері диктатор Саддам Хусейінді емдеу үшін Иракқа шақырылған еді.

Өз уақытындағы тәртіп бойынша Фрэнкленд 65 жасында зейнетке шығуы тиіс еді. Алайда, ол жұмысты тастау туралы ойлаған да жоқ және сол кезден бері ерікті ретінде еңбек етіп келе жатыр. «Енді қайтуім керек еді?» дейді ол. Қарт ғалым өзінің соңғы ғылыми жұмысын жақында жарыққа шығарғалы отыр. «Жасым 106-ға келгенде тағы бір мақала жазам деп шештім. Жалпы алғанда оның нұсқасы дайын тұр. Жазып боп қалдым деуге де болады».

Расында Фрэнклэндтің ұстанымы таңғаларлық. Адамдардың көбі өмірінің соңғы кезеңін демалатын кез - жұмыс креслосын тербелетін креслоға ауыстырып, түстен кейін көз шырымын алып жататын уақыт деп елестеді. Бірақ болашақта жағдай біз ойлағаннан басқаша болуы мүмкін.

Адамдардың көбін алып қарасақ, зейнетақыға жинақтаған ақша мен зейнетке шыққан соң қажет қаржы арасында салыстыруға келмейтін алшақтық бар. Яғни, жинаған ақша зейнетке шыққан соң түк болмай қалады. Бұл алшақтық күн санап өсіп жатыр. Әлемдік экономикалық форумның (WEF) таяуда жариялаған баяндамасына қарағанда, АҚШ, Ұлыбритания, Нидерланды, Канада, Австралия, Қытай және Үндістан сияқты әлемдегі экономика көлемі аса ірі елдерде тұрғындар 2050 жылға қарай жалпы алғанда $428 триллион зейнетақы жетіспеушілігіне тап болмақ.

Ал әлемде кәрі адамдар саны өскен сайын үстіне өсуде, яғни жаһан тұрғындары тез қартайып бара жатыр. Жүз жасаған адамдар саны 2015 жылы шамамен 451 000 болса, алдағы отыз жыл ішінде олардың саны сегіз есе өскелі отыр. АҚШ-та олар ең тез көбейіп келе жатқан жас топтарына жатады, ал Ұлыбританияда жүз жасаушылардың көбейгені сонша, Королева оларға 100 жасымен құттықтау ашық хаттарын жолдау үшін қосымша адамдар жалдауға мәжбүр болды. Бүгінде әлемнің бай елдерінде дүниеге келіп жатқан сәбилердің басым көпшілігі жүз жасайтын болады деген болжам бар.

Бұлар - мәселенің бер жағы. Айталық, 1960 жылдары Америкада мемлекет алғаш рет зейнетақы жүйесін енгізген соң жиырма жылдан кейінгі кездері адамдар зейнетақының қызығын бес жылдай ғана көретін. Өйткені, зейнетке шығатын жас 65 болса, адамдардың орташа өмір ұзақтығы 70 жыл еді.

Ал жүз жасаушылар үшін зейнетке шыққаннан кейінгі өмір бұдан жеті мәрте ұзақ болуы мүмкін. Қазір компаниялар адамға зейнетақыны оның соңғы жұмыс жылындағы жалақысы бойынша белгілейтін зейнетақы жүйесінен бас тартып жатқанын ескерсек, жылына $44,564 (АҚШ-тағы орташа жалақы көлемі) зейнетақы алғысы келетін адам зейнетке шыққанша шамамен бір миллион доллар жинақтауы тиіс.

Ол өте қиын болғандықтан, бұл адамдар жұмыс істеуіне тура келеді. Қандай жұмыс істеуі мүмкін? Оны істей алатын шамалары бола ма? Және ең бастысы, кім оларды жұмысқа алады?

Алғашқы сұраққа жауап сізді кәдімгідей таңдандыруы мүмкін. Бүкіл әлемде, Калифорниядан Польшаға және Үндістанға дейінгі елдерде жүз жасаушы адамдар маңдай терін төгіп еңбек етіп жатыр. Және олар қолға алмайтын кәсіп жоқ сияқты. Олар істейтін жұмыстың түрі көп, оның ішінде шаштараздар бар, мысалы, Энтони Манчинеллидің шаш қысқартып жүргеніне 95 жыл болды - ол бұл істі 1923 жылы 12 жасында бастаған. Сонымен қатар 100 метрге жүгіруде қартаң адамдар арасындағы Әлем рекордын жаңартқан Станислав Ковальский сияқты спортшылар, жазылушыларына түрлі тамақтар жасауды үйрететін 107 жастағы YouTube жұлдызы Mastanamma бар.

Расында қарт адамдардың көбі жұмыс істегісі келеді. Британ бизнесмен Питер Найттың кәсібі осы нәрсеге байланысты. Ол төрт жылдай бұрын Forties People деп аталатын жұмысшы алу компаниясын құрды. Компания қарт адамдарды жұмысқа тұрғызумен айналысады. «Бізде жасқа байланысты шектеу жоқ. Мысалы, 82 жастағы бір клиентіміз біз арқылы өзіне 94 жастағы жұмысшы тапқан кездер болған» дейді Питер Найт.

94 жастағы ол азамат бір компаниядан үш мәрте пенсияға шығыпты және үш ретте де оның жұмысқа оралуы бұрынғы қызметтестерін көру үшін келуден басталған. Ол бір іске жай ғана көмектеседі, сосын екіншісіне, ақыр соңында компания оған әшейін келіп тұрғаны үшін символикалық түрде ақша төлейтін болды. «Ол осылайша интерьердің бір бөлігіне айналды».

Әлбетте, кей жұмыстарды адам тастауға қимайды. ВВС үшін жабайы табиғат туралы телебағдарламалар дайындайтын 92 жастағы британ тележүргізуші және ұлттың мақтанышы Сэр Дэвид Аттенборо 100 жасқа келгенде де жұмысын тоқтатпайтынына кәміл сенеді. Зейнетке кету ойы жоқ екенін ол бірнеше рет мәлімдеген болатын. Жұмыс ленивецтерді қызықтау, қасқырша ұлуды үйрету және горилланың балаларымен ойнау болса, кім кеткісі келсін?

«Бізде Ұлыбританияда енді міндетті түрде мына жаста зейнетке шығу керек деген тәртіп жоқ. Жоғары білім беру саласын қарасаңыз, 70 жастан асса да сапалы дәріс оқитын адамдардың көп екенін көресіз» дейді Саутгемптон университеті Демографиялық өзгерістер орталығының директоры, геронтолог Джейн Фолкингем. «Меніңше, біздегі ең жасы үлкен професоор 75-те. Бірақ ғылым саласында жұмыс істеу - жанға жайлы нәрсе».

Билл Фрэнклэнд өзінің зерттеулерін барын салып жасағанмен, жұмысты тоқтатпау ол үшін практикалық шешім болды. «Бұрын бақшамен айналысуды жаным сүйетін, бірақ қазір оны істей алмаймын. Бұрын істеген жұмыстарды 106 жасыңда істей алмайсың. Сонда не қалады? Мен өте көп оқимын, және көбіне көркем әдебиет сияқты нәрселер емес, ғылыми кітаптарды».

Forties People компаниясы қабылдайтын орындардың нақты тізімі жоқ, бірақ оларға көбіне офисте істейтін қызметкерлер іздеп хабарласады. «Соңғы апталарда бізге үш баспадан телефон шалды» дейді Питер Найт. Басында олар кадр саласы бойынша маман және администратор қызметіне бір жастарды алды. Алайда, сосын оларды сенім артуға тұрмайды деп тапқан соң, бұл орындарға жұмыста не нәрсеге басымдық беру керектігін білетін қарт адамдарды алып көрмек болды.

Қара күшті керек ететін салада істейтіндерге қартайған кезде ол жұмысты әрі қарай істеу аса қиынға соғады. Алайда, бұл да қатып қалған нәрсе емес.

«Технологиялар біз істейтін жұмыстардың өзін өзгертіп жатыр, - дейді Фолкингэм. - Бұрын қолмен істелген жұмыстардың көбін қазір машиналар атқарады. Осылайша, жұмыстардың табиғаты өзгеруде. Бұл келешекте адамдардың қартаң жаста да жұмыс істеуіне мүмкіндік беруі мүмкін».

Бірақ олардың бәрінде ондай жұмыстарды істейтін денсаулық бола ма? Ұзақ жасаушылардың көбінің денсаулығы таңғаларлық мықты болып келеді. Иә, олардың әжімі көп әрі терең болатын шығар, бірақ іш құрылысы жасырақ зейнеткерлермен салыстырғанда мықты болып жатады. Соңғы зерттеулердің бірі жүз жасаушыларда олардан жиырма жас кішілерге қарағанда ауру аз екенін көрсетті.

Олардың миы да айтарлықтай жақсы жұмыс істейді. Жас келген сайын адамның кей мүмкіндіктері төмендесе де, «кристалданған интеллект» деп аталатын білім, тәжірибе сияқты жылдар бойы жинақтайтын қасиеттер жас келген кезде де жетіле береді.

2016 жылы ғалымдар Нью-Йоркта сайлаушы болып тіркелген жүз жасаушылардың денсаулығы мен мүмкіндіктерін тексеріп көріп, оларда қаусау және алжу белгілері тым аз екеніне және ол адамдардың органдары таңғаларлық жоғары деңгейде жұмыс істей алатынына көз жеткізді.

Зейнетке ерте шығу денсаулыққа пайдалы деген пікір бар. Алайда, кей жағдайда жұмыстан босау кері нәтиже беруі мүмкін.

Австрияда білігі төмен адамдарға жасалған зерттеу зейнетке 3,5 жыл ерте шыққан адамдарда 67 жасқа қараған шағында өлу мүмкіндігі 13% жоғары болатынын анықтады. Олардың отбасы жоқ болса, жалғыздықты сезінсе және зейнетке шыққан соң физикалық белсенділігін күрт азайтса, бұл қауіп жоғарырақ болмақ.

Жапонияның Окинава аралы ұзақ жасаушылар үлесі көптігімен танымал. Кей есептер бойынша, онда өмір сүретін әр 2000 адамның бірінің жасы 100-ден асады.

Жер бетінің осынау таңғаларлық бөлшегін көптен зерттеп келе жатқан ғалымдар ұзақ жасаудың себебі окинавалықтардың тұрмыс салтында екенін анықтады. Мұнда көкөністі және калориясы аз тамақтарды көп жейді. Алайда, тағы бір маңызды нәрсе бар: олардың жұмысқа деген көзқарасы.

Окинавалықтардың тілінде «зейнетке шығу» деген сөз жоқ. Бала кездерінен фермер немесе балықшы болып жұмыс істейтін жергілікті тұрғындар өле өлгенше еңбектене береді. Қартаң адамдар «икигай» деп аталатын принцип бойынша өмір сүреді. Бұл сөзді «таңертең төсектен тұрғызатын себеп болсын» деп аударуға болады.

Арал осы себепті де ұзақ жасаушылардан құралған әлемдегі жалғыз поп музыка тобымен мақтана алады. KBG84 тобының Жапония бойынша турларына билеттер әдетте алдын ала сатылып кетеді. Бұл топқа тек жасы 80-нен асқандар қабылданады.

Яғни, жасы жүздің ар жақ, бер жағындағылар сіз ойлағандай қаусап өлгелі отырғандар емес және олар атқара алатын жұмыстар көп. Алайда, оларды жұмысқа алғысы келетін кім бар?

Бар екенін көріп отырмыз. «Меніңше әлем жұрты қартаяды» дейді Найт. Оның ойынша, жас әріптестерімен салыстырғанда, қарт жұмысшылардың бірқатар артықшылығы бар. Мысалы, адамдармен жұмыс істей білу қабілеті және тез қарым-қатынас жасай алатыны.

Сонымен қатар қарт жұмысшылардың көбі өз саласында мықты маман болып келеді. 99 жасында Фрэнклэндті сотқа эксперт ретінде шақырды. Онда жол апатына кінәсін мойындаудан бас тартқан, ара шағып алып, соның кесірінен пайда болған аллергия нәтижесінде апатқа ұшырадым деп мәлімдеген жүргізушінің ісі қаралды. Фрэнклэнд мұндай жағдай болуы екіталай екенін сотқа дәлелдей алды, нәтижеде айыптау үкімі шықты.

Алайда, кейде қиындықтар да шығады. Найттың айтуынша, агенттіктің бірнеше клиенті қартаң кандидаттарды тым білікті деген себеппен алмай қойған. Жалдаған адам оларды өздерінің беделіне қауіп төндіреді деп тапқан. Мәселен, бір жұмысшы бастығы демалыста жүрген кезде туындаған бірнеше қиын жағдайды сәтті шеше алған. Алайда, алғыс айту орнына оны жұмыстан босатып жіберген. Өйткені, әріптестер алдында ол бастыққа қарағанда беделді боп кеткен. «Сосын олар бізден біліктілігі мен тәжірибесі төмендеу бір адам тауып беруді сұрады».

Ұзақ жасаушылар тап болатын тағы бір проблеманың себебі айқын - олар кәрі адамдар.

«Егер бір компанияның сайтына кіріп, олар өздерін «жас, ширақ және лапылдап тұрған ұжым» ретінде таныстырғанын көрсеңіз, олар қартайған адамды қаламайтынын түсінесіз, - дейді Найт. - Мәселе жасқа қатысты мәдениеттің бөлектігінде. Немересі бар әріптесіңізге кеше отырыста қалай көңіл көтергеніңіз туралы айтып отырғаныңызды ойлап көріңізші. Бұл әкеңізбен, тіпті атаңызбен бір ұжымда жұмыс істеген сияқты нәрсе».

Әйтсе де, әлемде осы қиындықтан шығудың жолып тапқан ел бар, ол - Жапония. Өмір ұзақтығы бойынша бұл әлемде бәрінен алда, ал туу көрсеткіші бойынша рекордты деңгейде төмен тұр. Тұрғындардың үштен бір бөлігінің жасы 65-тен жоғары. Осы демографиялық жағдайға байланысты өкімет қарт адамдарды жұмыстан босатпайтын компанияларды ынталандырады. Сонымен қатар онда адамдар мемлекеттік зейнетке кететін жасты 70 жасқа дейін ұзарту мәселесі қаралып жатыр.

Бүкіл ел бойынша әмбебап дүкендерде косметика, саламатты тағамдар және ішкиімдер сататын Pola компаниясында бүгінде жасы 70 пен 90 аралығындағы 1500-дей адам жұмыс істейді, олардың көпшілігі әйелдер. Компания ұзақ жылдар бойы тұтынушылармен арадағы байланысты нығайтумен болды, осылайша ұжымдағы қартаң адамдар жастарға қарағанда тиімді болып отыр.

Фрэнклэндтен сұрап көрейікші, 106 жаста жұмыс істеу деген қандай болады екен? «Мен қазір көптеген қиындықтарға кез болып отырмын. Олардың бірі - саңыраулық. Көп нәрселерді істеу қиындап боп кетті, - дейді ол. - Мәселен, керек журналдарды табу қатты шаршатады».

«Физикалық тұрғыдан алғанда менің мүмкіндіктерім өте шектеулі. Бұрын мен жұмыс туралы ұсыныстың бәріне келісетінмін, енді бас тартатын болдым».

Ал Фрэнклендтің ақыл-ой қабілетіне келсек, мұнда мәселе басқа. Әңгімелескенге одан гөрі қызық адамды есіме түсіре алмай отырмын.

Ол жапондарда тұтқында болған күндерінен бастап өзін дәрігер болуға итермелеген кітапқа дейін көптеген қызықты хикаялар айтты (Егер сізге қызық болса, ол швед дәрігер және жазушы Аксель Мунтенің «Сан-Микеле туралы аңыз» атты кітабы).

Адамдардың бәрі 65 жастан асатын кезді асыға күтіп армандамайтыны түсінікті. Ал олардың көпшілігі денсаулықтың нашарлауынан бұл жаста жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылады.

Бірақ еңбек саласының болашағы жоғарыда айтылғандай болса, офистегі жұмыс айтарлықтай қызық бола түспек.

Ағылшын тілінен аударған

Алтынай ҚУАНЫШБЕК

Baq.kz