04 шіл, 2018 сағат 15:05

"Егемен Қазақстан" газетінің жас журналистерге арналған сыйлығы табысталды

Бүгін бас басылым өзінің жас журналистерге арналған бәйгесінің жеңімпаздарын марапаттады.

«Егемен Қазақстан» газетінің жас журналистерге арналған сыйлығы биыл «Елорда – елдіктің айнасы» деген тақырып аясындағы 3 номинация бойынша – «үздік танымдық материал», «үздік журналистік зерттеу» және «үздік фоторепортаж» үшін жарияланған болатын.

Үміткерлердің мақалалары 20 жылдығы атап өтіп жатқан Астана қаласы туралы, оның өткені мен бүгіні, келешегі һәм тұтас ел дамуында алатын орны жайында тарихи-танымдық тұрғыдан жазылып, өзекті мәселелерді қозғаған. Сонымен бірге бас қаланың елімізді әлемге әйгілеудегі рөлі жөнінде де дәйекті ой толғаулар болды.

Жалпы конкурсқа отызға жуық материал келіп түскен. Редакция құрамынан жасақталған қазылар алқасы материалдарды қарастыра келе, фото жұмыстар түспеуіне байланысты оның орнына Астана туралы тағы бір үздік материалды «үздік эссе» аталымында марапаттауды жөн көрді.


Сонымен, конкурстық комиссияның шеші­міне сәйкес, «үздік танымдық материал» номинациясы бойынша «Орталық Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі Жәнібек Әлиман, «үздік журналистік зерттеу» номинациясында «Ақ желкен» журналының бас редакторының орынбасары Аслан Тілеген, ал «үздік эссе» номинациясында «Ұлан» газетінің тілшісі Таңшолпан Төлеген жеңімпаз деп танылып, олар­дың әрқайсысына арнайы кәдесый және 200 000 (екі жүз мың) теңге ақшалай сыйлық тапсырылды.

Еске сала кетейік, «Егемен Қазақстан» газетінің жас журналистерге арналған сыйлығы үшін конкурсы осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»