19 мам, 2018 сағат 16:33

Еділ Дәулетияров: "Адам бaласы оқудан, үйренуден жалықпауы керек..."

Еділ ДӘУЛЕТИЯРОВ, 

«HAMK» қолданбалы ғылымдар университетінің студенті, Финляндия.

...Мен Финляндияда, жалпы, шет елде оқимын деп ойламаппын. Мүмкін еместей көрінді. "Қалталы болу керек шығар" деген де ой болды. Мен білім алған Назарбаев зияткерлік мектебіндегі ұстаздарым Тампере қаласындағы университетте білімін жетілдіріп келген-тін.

Қазақстанда ол кезде бұл оқу орны оншалықты танымал болмады. Тек сол жылдары ғана аталған университет біздің еліміздің оқу орындарымен келісімшартқа отыра бастады. Содан мектептегі мұғалімдеріміз осындай университет бар екенін, ондағы білім беру жүйесі туралы айтты. Мен де көп ойланбастан, құжаттарымды тапсырып, барлық талаптарын орындадым. Кейін Санкт-Петербург қаласында емтихан тапсырдым. Сөйтіп, қолданбалы ғылымдар университетінің студенті атандым. Арманым деп айта алмаймын, шет елде жақсы оқу орнында оқуға мүмкіндік туды. Мен соны тиімді пайдалануға бел будым. Бұндағы білім беру жүйесі негізінен практикаға бағытталған, топтық жұмыс көп. Университеттің әлем бойынша серіктесі жетерлік. Сондықтан өзге елден қосымша мамандық игеріп шығуға болады. Сабақ кестесі өте ыңғайлы. Негізгі сабақпен қатар өзіңе ұнаған саланы таңдау еркіндігі бар. Мәселен, кей кредиттерді өзіме ұнайтын бизнес курстармен алмастырдым.

«Финдармен дос болу өте қиын»

Финляндия – тарихқа бай ел. Бес жүз жыл бойы Швецияның қарамағында болған финдер 1809 жылы Ресей империясына өткен екен. Ресей империясынан тәуелсіздігін 1917 жылы ал-ған. Биыл аталған елдің егемендігінің 100 жылдығы тойланып жатыр. Халық саны – 5,5 миллион. Мемлекеттің аумағы түгел дерлік орман-сумен қоршалған. Территорияның 70 пайызы орманды алқаптан тұрады. Бұнда 190 мыңға жуық көл бар, яғни әр қаладан көл таба аласыз. Ауасы өте таза. Өмір сүру деңгейі жоғары, экономикасы тұрақты. Алайда ауа райы өте суық. Түні ұзақ. Күздің қазан айынан бастап қараңғы ерте түседі. Бұл көңіл күйге әсер етпей қоймайды. Себебі қала қараңғы болып тұрады. Бұндағы ауа райы Санкт-Петербург қаласына ұқсас. Суы таза. Финдер өзге мемлекеттердің су мәселесін шешіп отыр. Фин халқы мәдениетті, жинақы, салмақты болып келеді. Оларда кешігу деген ұғым жоқ. Жалпы финдармен дос болу өте қиын. Тұйықтау келеді. Егер қарым-қатынасыңыз жарасса, мәңгілік дос боласыз деп ойлаймын. Себебі достыққа адал. Финляндияда халық саны аз болғандықтан, әлеуметтік көмектер жақсы көрсетіледі. Айына екі рет тегін тамақ беріледі. Тегін білім беру жүйесі жолға қойылған. Жұмыс істеп жүріп, оқуға ауысуға болады. Бұнда студент болып жүрген егде адамдар өте көп.

«Аяз атаның отанына бару жоспарда»

Сайт оқырмандарына Финляндияның тарихи жерлерін айтып өтейін. Мәселен, Сибелиус монументі – туристер жиі баратын тарихи орын. Хельсинки қаласында орналасқан монумент 1967 жылы атақты композитор Ян Сибелиустің құрметіне қойылған. Ян – финдердің II Николай кезінде тыйым салынған бейресми әнұранының авторы. Әрине, Аяз атаның отаны Лапландияны айтпай кетуге болмайды. Бұл жерге 1950 жылы Рузвельттің әйелі алғаш рет турист ретінде келген екен. Мен әлі ол жерде болмадым. Менің тұрып жатқан қаламнан өте алыс орналасқан. Ақысы да қымбат болуы мүмкін. Бұйырса, осы қыста барамын деген жоспар бар. Сонымен қатар туристер орыс-швед соғысы кезінде тұрғызылған Свеаборг қа-малына, әлемге әйгілі Сенат алаңына соқпай кетпейді. Финляндияның ең үлкен алаңында Хельсинки университетінің ең басты кампусы, шіркеу, Александр II арналған монумент орналасқан.

«Газет таратушы болып жұмыс істеймін»

Мен білім алып жатқан инженеринг саласы бірнеше бағытты қамтиды. Бұнда алған білімді автоматтандыру бағытында, механикалық инженерия, IT маман, бизнес бағытында да қолдануға болады. Бұл саланы таңдау себебім - Қазақстанда потенциалы жоғары, енді дамып келе жатыр. Мені қоқыстарды утилизациялау, суды тазарту, баламалы энергияны қолдану мәселелері қызықтырады. Келешекте елге барып, осы бағытта жұмыс жасамақпын. Қызықты жобалар жетерлік. Қазір Тампере қаласында тұрып жатырмын. Шағын қалада 200 мың адам бар. Өте таза, өмір сүруге қолайлы. Заң бойынша студенттік визамен аптасына 25-30 сағаттай жұмыс жасай аламыз. Өзім газет таратушы болып жұмыс істеймін. Жергілікті халық кітап-газет оқуға құмар. Бос уақытымда спортзалға барамын. Достарыммен кездесемін. Ән айту, би билеу – хоббиім. Актерлық қабілетімді де байқап көргенмін. Қазақтың жігіті болған соң, сол атқа лайық болуға тырысып жүрмін!

«2020 жылы Дубайда өтетін «EXPO» көрмесіне қатысқым келеді»

Былтыр жазда Астанада өткен «EXPO» көрмесінде Финляндия павильонында жұмыс жасадым. Іріктеуден өту үшін өтінім бердім, түрлі тренингтерден өттім. Сыннан сүрінбей қабылдандым. Жалпы жоба қатты ұнады. Тәжірибе жинадым. Фин павильоны таза энергия, ақылды қала, суды тазалау, сапалы білім бөлімдері бойынша дайындалды. 

Финляндияның ұлттық күнінде екі елдің Президентімен, бизнес өкілдері, беделді адамдармен жүздестім. Алдағы уақытта да осындай ірі жобалардан қалыс қалмаймын деп отырмын. Мәселен, 2020 жылы Дубайда өтетін көрмеге қатысқым келеді. Айта кетейін, біздің павильон кіші павильондар арасында бірінші орын алды. Бұл – ортақ жетістік. Көрмеде өткен күндер есімде сақталады деп ойлаймын...

«Көктемгі семестрде Бельгияда оқымақпын»

Көктемгі семестрде оқу бағдарламасы бойынша ауысып, Бельгия еліне аттанғалы жатырмын. Онда бір семестр білім аламын. Кейін оқуды бітіріп, магистратураға тапсырғым келеді. Негізгі мақсатым – бизнес бағытында білім жинау. Ол үшін Германия, Венгрия елдері қолайлы сияқты. Адам бaласы оқудан, үйренуден жалықпауы керек. Қазір әлемнің алты тілін меңгеріп жүрмін. Келешекте де бұнымен тоқтап қалмаймын. Құдай бұйыртып, тәжірибе жинағаннан соң, еліме келемін. Бұндағы басты арманым – екі жобамды жүзеге асыру. Олар – қоқыстарды утилизациялау, индустриалды суды тазарту жобалары. Сонымен қатар қазақ-фин арасындағы дипломатиялық, экономикалық қарым-қатынастарды нығайтуға үлес қосамын деп ойлаймын. Ол үшін барлық мүмкіндігім бар!

Жазып алған 
Айдана ХАМИДУЛЛИНА

Ұлт порталы