17 мам, 2018 сағат 10:19

ЕАЭО мен Қытай сауда-экономикалық келісімді рәсімдеді

Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Қытай Халық Республикасы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Аталған құжат Астана экономикалық форумы аясында рәсімделді, деп xабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстан тарапынан келісімді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин рәсімдеді. Сондай-ақ, Арменияның вице-премьері Тигран Авинян, Беларусьтің бірінші вице-премьері Василий Матюшевский, Қытайдың министр дәрежесіндегі xалықаралық сауда өкілі Фу Цзьин, Қырғыстанның вице-премьері Замирбек Асқаров, Ресейдің вице-премьері Дмитрий Козак және ЕАЭО коллегияның төрағасы Тигран Саркисян өз қолдарын қойды.

Айта кетейік, бүгін таңертең АЭФ-2018 аясында тағы бір келісімге қол қойылды. Аталған құжат бойынша ЕАЭО пен Иран арасында уақытша еркін сауда аймағын құру жоспарланған. Тараптар бірқатар тауарлар бойынша кедендік баж салығын 3 жылға дейін төмендетуге уағдаласты.

Атап айтқанда, Иран 246 тауарға, ал Еуразиялық экономикалық одақ елдері 175 тауарға тариф жағынан жеңілдік жасайтын болады. Мәселен, Қазақстанның 102 экспорттық тауары бойынша Иранда кедендік баж салығы төмендейді. Соның ішінде сиыр еті, қой еті, сары май, ноқат, бұршақ, жасымық, арпа, күріш, өсімдік майлары, макарондар, кондитерлік өнімдер, болат прокаты, рельстер, аккумуляторлар және тағы басқа өнімдер бар. Өз кезегінде Иран мемлекеті ЕАЭО-ға пісте, құрма, інжір, мейіз, асшаян, апельсин, лимон, лайм, кондитерлік өнімдер, шырындардың кейбір түрлері, құрылыс бояулары, лактар, ыдыс, жуу құралдары, кілемдер, пластмасса бұйымдары сияқты тауарларды 10 процентке дейінгі жеңілдікпен тасымалдай алады. Ал алма, қияр, томаттар сияқты ирандық өнімдерге тек маусымдық, нақты айтқанда, қараша мен наурыз аралығында ғана жеңілдіктер беріледі.