20 шіл, 2018 сағат 19:16

Е-коммерцияны оқытуға небәрі 30 минут уақыт кетеді

Электронды сауданы оқыту үшін 20-30 минут уақыт жұмсалады. Ал, аудиторияның белсенділігі жоғары болса ары кетсе 40 минут кетеді екен. Бұл туралы «Қазпошта» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының директоры Махаббат Сеитова «Зерде» ұлттық инфокоммуникация» холдингіне берген сұхбатында мәлімдеді. 

«Цифрлық сауаттылық арқылы жергілікті тұрғындар электронды сауданы меңгере алатын болады. Біз жергілікті әкімдікпен жұмыс тобын құрдық. Осылайша, тұрғындарға онлайн-сауданы қалай меңгеруге болатынын үйрету үстіндеміз. Сонымен қатар, ол семинарда тапсырыс қабылдау мен тапсырыс беруді баяндайды. Қазіргі таңда 1500-ге жуық адам оқытылды. Электрондық коммерция туралы айту үшін әрі кетсе 20-30 минут ғана кетеді. Оның барлығы аудиторияның белсенділігіне байланысты. Егер де тұрғындардың сұрағы көбірек болса 40 минутқа дейін уақыт алады», - деді М. Сеитова. 

Сондай-ақ, ол жақын арада ашылатын жаңа жобалар мен жұмыстарды баяндады. «Жақын уақытта экспорт мектебін ашқымыз келеді. Оның мақсаты – жергілікті кәсіпкерлерге онлайн-сауданың қалай жасалатынын және шетелдік компаниялармен қалай байланысуға болатынын үйрету», - деп атап өтті ол.

Әңгіме барысында Махаббат Сеитова цифрландырудың жұмысты жеңілдетудегі орнына айрықша тоқталып, көптеген келеңсіздіктерді жоюда алар орнын баса айтты. 

«Біздің бағыттарымыздың бірі - логистикалық инфрақұрылымды модернизациялау. Осы ретте, дрондар іске қосылып, ауылдағы ағайынға газет-журнал немесе тауарларды жеткізіп береді. Осылайша автомобиль жолдары нашар аймақтарға дрондар тауарларды өздері апарады. Бұл процесс ісімізді жеңілдетіп отыр», - деді «Қазпошта» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының директоры.

Айта кетейік, еліміздегі «Қазпошта» АҚ арқылы бұрын күніне 10 мың жүк тасымалданса, қазір бір күнде 120 мың жүк жолданады. Сонымен қатар, Қазақстандағы электрондық коммерцияның 70 пайызы Қазпоштаның үлесіне тиеді екен. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде 1 миллионнан аса адам онлайн-сауданы тұтынады екен. Сонымен қатар, аталған компания электрондық сауданы дамыту мақсатында «AliExpress» атты әлемдік алпауыт компаниямен келісімге келген. Күн өткен сайын енгізіліп жатқан жаңа цифрлық технологиялар Қазпоштаның тынысын кеңейтіп, халық сұранысын арттырып жатыр. Қазіргі таңда компания ел аумағын тұтастай интернетпен қамтып, заманауи технологияларды енгізу арқылы жаңа жұмыстарды қолға алу үстінде екен.

Назерке Еркінқызы