16 там, 2018 сағат 10:10

Джакартада Қазақстанның байрағы көтерілді

Бүгін Джакартадағы атлетикалық ауылда Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы салтанатты түрде көтерілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Еліміздің туын ресми түрде көтеру салтанатына Қазақстан құрамасының спортшылары мен еліміздегі спорт саласын басқарушы мамандар қатысты.

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті спорт Дирекциясының басшысы, Азия ойындарындағы Қазақстанның спорттық делегациясының жетекшісі Елсияр Қанағатов ту көтеру салтанатына жиналған спортшыларға сәттілік тілеп, Азия ойындарының Қазақстан үшін маңызды спорт додасы екенін атап өтті.

«Бүгін Азия ойындарында еліміздің көк байрағы көтерілді. Қазіргі таңда 200-ге жуық спортшы Джакарта мен Палембанг қалаларындағы атлетикалық ауылға келіп қоныстануда. Құрамадағы көптеген спортшылар жарыс кестесіне сай Азия ойындарына алдағы уақытта ұшып келеді. Атлеттерді күтіп алу, орналастыру, тамақтандыру мәселелері түгелдей шешілген. Бүгінде Индонезиядағы спортшыларымыз жаттығу жұмыстарын бастап кетті. Ал кейбір командалық спорт түрлерінен іріктеу кезеңіндегі матчтар өтіп жатқанын білесіздер. Гандболшылар мен баскетболшыларымыз Азия ойындарындағы іріктеу кезеңдерін өткізуде. Біз спортшыларымызға сәттілік тілейміз! Жанкүйерлер үміт артып отырғандықтан, халықты қуантады деп сенеміз», - дейді Елсияр Қанағатов.

Өз кезегінде спортшылар атынан сөз алған спорттық гимнастика шебері Милад Карими Азия ойындарында жүлде алу үшін бар күшін салатынын жеткізді.

"Азия ойындарына алғаш рет қатысып отырмын. Мұндағы командалық рухты сөзбен жеткізу мүмкін емес. Осындай керемет сәтті Универсиада кезінде бастан өткерген едім. Командаластарыммен бірге елімізді қуантып, жүлде алуды мақсат еттік. Жанкүйерлер сенімін ақтаймыз", - дейді Карими.

Еске сала кетейік, Жазғы Азия ойындары 18 тамыз - 2 қыркүйек аралығында Джакарта мен Палембанг қалаларында өтеді. Қазіргі таңда Джакартадағы атлеттер қалашығына олимпиадалық спорт түрлері бойынша 15 команда, Палембангта 4 команда қоныстанды.