26 жел, 2017 сағат 13:58

Дүйсенова 1 қаңтардан бастап зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер қаншаға өсетінін айтты

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова келер жылы орташа зейнетақы мөлшері 72 мың теңгені құрайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.

"1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақы 8 пайызға, базалық зейнетақы 6 пайызға өседі. Осылайша орташа зейнетақы мөлшері 72 мың теңгені құрайды. Бұған қоса, мүгедектік, асыраушысынан айырылу, жасы бойынша әлеуметтік төлемдер 16 пайызға көбейеді, ал қалған әлеуметтік төлемдер инфляция деңгейіне сәйкес 6 пайызға өседі. Ең төменгі жалақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің көлемімен бірдей болады. Яғни ол да 16 пайызға өсіп, 28 259 теңгені құрайды", — деді министр.

Осы тұста Дүйсенова базалық зейнетақы 2018 жылдың 1 шілдесінен қайта есептелетінін атап өтті.

"Базалық зейнетақы еңбек өтіліне байланысты 2018 жылдың 1 шілдесінен қайта есептеледі. Бұл өзгеріс 2 миллион зейнеткерге қатысты. Кімде 10 жыл еңбек өтілі болса, оларда зейнетақы мөлшері 54 пайызға тең болады. Ал еңбек өтілі 33 жылдан асатындарда базалық зейнетақы екі есеге көп болады", — деді министр.