30 мау, 2020 сағат 16:47

Дүйсенбай Тұрғанов: Энергия тапшылығынан коллапс туындауы мүмкін

«Орта Азиялық электр энергетикалық корпорациясы» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Дүйсенбай Тұрғанов елімізде электр энергиясының қымбаттауына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Электр энергиясын өндіруші компаниялардың барлық шығыстары шығынды болып келеді. Шығыстары кірістен әлдеқайда көп. Ең алдымен, бұл отын бағасының артуына, отынды тасымалдауға байланысты. Екіншіден, үш жылдан бері электр энергиясының тарифі көтерілген жоқ. Өткен жылдың қазанында тариф аздап, орташа есеппен 8 пайызға артқан еді. Алайда, ол құрал-жабдықтарды сапалы дайындау, олардың тозуын азайту үшін айтарлықтай әсер бере алмады. Яғни, тарифтің бұл көтерілуі электр стансаларының негізгі құрал-жабдықтарының техникалық жағдайына әсер етпеді», - деді ол. 

Оның атап өтуінше, кез келген мәселеде дер уақытында тиімді шаралар қабылдау қажет. 

«Қазіргі уақытта күз-қысқы маусымға дайындық жүргізіп жатырмыз. Коронавирус инфекциясынан туындаған проблемаларға байланысты станса құрал-жабдықтарын күзгі-қысқы мерзімге дайындап үлгермейміз. Ал соның салдарынан электр энергиясымен қамтуда іркілестер орын алып, жетпей қалуы да мүмкін. Жылдан жылға жаңартуға, жаңғыртуға және жөндеуге қаржы салуымыз қажет. Ал ол тариф есебінен ғана мүмкін болмақ. Тарифті көтермесек, қазіргі шығындардың ғана орнын жауып отыра берсек, онда электр энергиясы саласының құрал-жабдықтары істен шығуы мүмкін. Сол кезде барлығы жарықтың, интернеттің, жылудың жоқ екендігін анық сезініп, коллапс орын алады», - деді Дүйсенбай Тұрғанов.

Сонымен қатар ол электр энергиясы саласындағы техникалар мен құрал-жабдықтар мәңгілік еместігін, оларды жаңартып әрі жөндеп отыру қажеттігін баса айтты. 

«Үкімет 2020 жылдың соңына дейін экономикалық өсім жөніндегі кешенді жоспарды қабылдады. Бұл кешенді жоспарға электр энергетикасы саласы кірмей қалып отыр. Энергетика саласында ешқандай қолдау шарасы жоқ. Сондықтан да тарифті осылай көтеруге мәжбүр шығар. Егер жеңілдікпен несие беріп, салықтық артықшылық ұсынғанда, әрине, тарифті көтермеуге де болар ма еді... Жарық жанып тұрса, біз оны мәңгіліктей көреміз. Алайда ол мәңгілік емес қой. Бұл салаға жұмылдырылған барлық техника мен құрал-жабдықтар да мәңгілік емес. Олар да жаңартуды және жөндеуді қажет етеді», - деді Дүйсенбай Тұрғанов.