05 жел, 2017 сағат 16:03

Дүйсен Қасейінов ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы болып қайта сайланды

Халықаралық түркі мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамыту (ТҮРКСОЙ) ұйымының Бас хатшысы болып Дүйсен Қасейінов қайта сайланды. Түркістанда өткен ТҮРКСОЙ Тұрақты Кеңесінің 35-ші отырысының мүшелері дауыс беріп, оның кандидатурасы қайта үш жылға сайлау туралы ортақ шешімге келді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Тұрақты кеңестің  шешімімен Дүйсен Қасейінов Бас хатшы болып қатарынан төртінші мерзімге сайланып отыр.

Айта кетейік, Дүйсен Құрабайұлы 2003-2004 аралығында Қазақстанның Мәдениет министрі болды. Ол ұйымға басшылық еткен 2008 жылдан бері  көп шаруалар атқарды. Ұйымның беделін көтеріп, оны түркі бірлігін нығайтатын ірі құрылымға айналдыра алды.

Ал, ТҮРКСОЙ түркі тілдес елдердің өнері мен мәдениетін дәріптейтін шараларды көптеп ұйымдастырады. ТҮРКСОЙ құрамына бүгінде түркі тілдес елдер кіреді. Оның ішінде егеменді елдер, федеральды субъектілер мен автономды аймақтар бар. 

Еске салайық, бүгін Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы атанған Түркістан қаласында  ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы тұрақты Кеңесінің 35-ші отырысы өткен еді.

Тұрақты кеңес отырысына Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрі Нуман Куртулмуш, Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат және туризм министрі Сұлтанбек Жұмағұлов және ТҮРКСОЙ мүше елдердің мәдениет министрліктерінің өкілдері, мәдениет қайраткерлері мен түркі кеңесі, түркітілдес мемлекеттерінің парламенттік Ассамблеясы, халықаралық түркі академиясы, түркі мәдени мирас қоры секілді халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.