15 қар, 2016 сағат 14:55

Дүлдүлі мен дүбірі көп Жетісу

Ұлттық спорт десе алдына жан салмайтын аймақтың бірі - Алматы облысы. Талай дүлдүлдерді топқа қосып, дүбірлі дода өткізуде де ешкімнен кем түсіп жатқан жоқ. Ат құлағында ойнаған шабандоз­дарымыз бәйгенің алдын бермей ел мерейін асырып, топтан озып жүр. Мәселен Қырғыз елінде өткен халықаралық  Көшпенділер ойынында да аламан бәйгеде Жетісудың жүйрігі дара келіп, елдің атын шығарған еді. Дәл сол сәтте бөркін аспанға атпаған қазақ жұрты қалмаған шығар. Сонымен қатар Астана қаласында өткен «Алтын тұлпар» бәйгесінде де 51 шақырымды еркін бағындырған Ұлан Омаровтың «Жаннұр» атты сәйгүлігі бірінші келіп, шабандоз Асхат Әлімжанның жұлдызы жанғаны естен кете қойған жоқ. Міне, осындай жетістікке толы Алматы облысының ұлттық спорт мамандары өңірлік коммуникациялар қызметіне келіп, журналистермен жағымды жаңалықтарымен бөлісті.

Аталмыш брифингке облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ұлттық және бұқаралық спорт түрлерін дамыту бөлімінің басшысы Алмат Үшкемпіров, облыстық «Бәйге» ұлттық ат спорты федерациясының президенті Рүстем Досжанов, тоғызқұмалақтан облыстық аға жаттықтырушы Айнұр Молдахметова және жас шабандоз Асхат Әлімжан қатысты. Ең бірінші сөз алған Алмат Тоқтарбекұлы облыста ұлттық спорт түрлері бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Бүгінгі таңда 1384 дене шынықтыру ұжымында ұлттық спортпен айналысушылар саны 46566 адамды құрайды. Оның ішінде қазақ күресімен 12850, тоғызқұмалақпен 15800, құсбегі 162, хандойбы 610, жекпе-жек 230, көкпар 4332 және ұлттық ат спортымен  12582 адам шұғылданады. 2011 жылдан бері облыста ұлттық ат спорты клубы ашылған. Сондай-ақ, облыс орталығында «Талдықорған», Жамбыл ауданында «Көкбастау», Қарасай ауданында «Нұрдаулет», «Азем» атты заман талабына сай атшабарлар бар. Жеткен жетістігіміз де бір төбе. Мысалға, Талдықорған қаласында көкпардан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Ел біріншілігіне барлық облыстан көкпар командалары келіп, апта бойы дүбірге бөледі. Міне, сол кескілескен тартыста облыстық көкпар құрама командасы үшінші орынды жеңіп алды. Қазақ күресінен де қара жаяу емеспіз. Шеберлігі асқан балуандарымыз әр кез байрақты бәсекеде оза шауып, облыс намысын жыртып жүр. Мысалға, төртінші республикалық ардагерлер спартакиадасында 2, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерекесіне орай ұйымдас­тырылған спартакиадасында 1-орынды жеңіп алды. Аламан бәйгеде де жұлдызымыз жоғары. Мұнан кейін сөз алған тоғыз­құмалақтан аға жаттықтырушы Айнұр Молдахметова ұлттық ойынымыз туралы біраз жағымды жаңалықтың бетін ашты. Расында да, тоғызқұмалақ ойыны қарқынды дамып келеді. Республикалық чемпионатта үздік шыққан ойыншыларымыз Азия, Әлем біріншіліктерінде бақ сынап, ел намысын құлатпады. Төртінші ардагерлер арасында өткен спартакиадада бірінші орынды жеңіп алдық. Дәл қазіргі уақытта облыста жастар арасында ел чемпионаты өтуде, онда екі жүзден аса тоғызқұмалақшы қатысып, апта бойы Талдықорған қаласын дүбірге бөлейді деп сөзін түйіндеді. 

Ал, ат спорты федерация­сының президенті Рүстем Әмірғазыұлы ат спортының қыр-сырына тоқталды. Әсіресе, көкпар ойыны облыста жақсы дамыған. Мұның барлығы аталған спорт клубының мүшелері. Көшпенділер ойынында да біздің облыс­тың жігіттері ұлттық құрама сапында өнер көрсетті. Қазір аудандарда арнайы қазандықтар орнатылып, көкпарды дамытып келеді. Алғашында Жамбыл мен Қарасай аудандарында ғана тынысы кең тараған спорт, басқа аудандарды да шарпыды. Бүгінде облыстық чемпионаттар өтіп тұрады. Міне, сол додада Райымбек, Кербұлақ, Ескелді, Алакөл, Панфилов ауданынан келген көкпаршылар жақсы өнер көрсетіп жүр. Мұндай келелі жұмыстың қарқын алуына Орынтай Әмірғалиев ағамыздың еңбегін айта кеткен жөн. Ұлтжанды азамат, көкпардың дамуына бар күш-жігерін салуда. Білікті маман кейбір кемшін тұстарды да тілге тиек етті. Мәселен, көкпар ойнау үшін мықты жылқылардың керек екені анық. Команданы атпен қамтамасыз ету үшін жақсы жылқыларды сатып алуымыз керек. Оның бағасы да оңай емес. Сол үшін жұмыстар жасап жатырмыз. Көптеген түйіні қиын мәселелер бар. Алдағы уақытта шешімін табады деген сенімдеміз деп сөзін қорытындылады. Сонымен қатар жуыр­да «Жетісу жүйрігі» деген ат бәйгесін ұйымдастырдық. Бұл дәстүрлі додаға айналады. Бұл доданың мәртебесі биік болады деген ойдамыз. Иә, осы тұста, бір жылда жеті көлікті тізгіндеген үздік шабандоз Асхат Әлімжан да тілшілердің сұрағына жауап беріп, өз жаңалығымен бөлісті. Жас шабандоз алдағы уақытта да ел намысын жоғары ұстап, ұлттық спортты дамытуға күш салатынын айтты. Қаршадай бала жақында ғана облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Осындай жеткіншектеріміз көп болса, рухы биік ұлтжанды  азаматтарымыз көп болатыны хақ.

Ришад Тұрғанбаев

"Жетісу" газеті