#
#
Сейсенбі 24/01/2017

Дулат Исабеков: Шебердің қаламынан шықпаса, шындық та құнсыз

  • 22.11.2016
  • 0
  • 989

«Шалқар» радиосының әуе толқынында тағлымды, тыңдарманға ой салар дүниелер жетерлік. Қарбалас шақта әр хабарды үзбей тыңдап жүру, әрине, мүмкін емес. Сондай бағдарламаның бірі – мәдениет саласының майталмандарымен пікірлесетін, олармен сыр шертісетін «Өнер алаңы» хабары. Сол хабарда өрбіген ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Дулат Исабековпен әңгімені оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Жетпістен ассам да, әлі күнге ізденемін

– Дулат аға, күрделі жанр – драматургиядағы еңбегіңіз елеулі. Кейінгі табыстарыңызды айтпағанның өзінде баяғы «Кішкентай ауыл», «Әпке» пьесаларыңыз театрлардың репертуарынан әлі түспей келеді. Әсіресе, «Әпке» спектаклінің тақырыбы  қай заманда болсын өзекті. Бәлкім, өміршеңдігі де сондықтан шығар?

– Оның сырын кім білген?.. Бәлкім, сәтті жазылуына өмірбаяным арқау болған шығар. Бәрін бастан-аяқ баяндай бермей, ең керегін ала білгендіктен болар. Ал драматургия – рас, айрықша жанр. Қазір сахнада қойылып жүрген шығармалардың көбі әлі драматургия емес, сахналық проза немесе сахналық публицистика. Драманың өзіндік ерек­ше тылсым сырлары бар, оның дамуын, композициясын, куль­ми­нациясын жасай алу, әртүрлі образға керекті сөз табу, қызықты диалог өру, 400-500 беттік романның жүгін 30 бетке сыйғыза білу – қиын. «Әпке» 1977 жылы жазылып, 1978 жылы сахналанды. Әлі күнге дейін қойылып келеді. Биыл «Гауһартас» фильмінің 40 жылдығын атап өттік. Осы аралықта қанша кино түсірілді, соның қаншасы ұмыт болды?

Мұның сыры – адамзатқа тән жәйттерді түгел қабылдай отырып, өз кейіпкеріңе ұлттық бояу сіңіру, оқиғаның бәрін жинақтай келе, ұлттық бейне жасау, ұлттың трагедиясын, мұңын айту, мінезін көрсету дер едім. Сонда ғана шығарма жұртқа керек болады. Мысалы, «Өкпек жо­­лаушы» немесе сахналарда қойылып жүрген «Ескі үйдегі екі кездесу» драмасын неге ағылшындар қойды? Себебі, ортақ проблема бар. Драматургияға қысқалық, нақтылық қажет. Қазақ драматур­гиясында жалпылама сөз көп, бір шәй ішудің өзін 10-15 бетке дейін суреттеп отыратындар немесе сахнада тұрып алып ақыл айтатындар жетеді. Оны драматургия көтермейді. Сонымен қатар, драматургияда төбеден ұрғандай қылып төтесінен айтпайды, астарлап жеткізеді. Мысалы, Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеу» пьесасында Розенбах сүйген қызымен қоштасып, дуэльге кетіп бара жатады. Жекпе-жекте өлетінін біледі. Қайта бұрылып келіп, қызға: «Мен ертеңгі кофемді ішпей кетіп­пін ғой», – деп бір-ақ ауыз сөз айтады. Осы сөздің астарында қандай трагедия жатыр! Ал біздің драматургтер болса, «Сені қайтып көремін бе, жоқ па? Сапарға кетіп барамын. Қош бол, жаным!» деп жазады. Бұл түк те қызық емес. Жалаң сентиментализм. Өмірдің шын­дығын және ең керектісін айта білсең, барлық елге ортақ трагедияны, ортақ драманы көрсетсең ғана ол ағылшынға да, французға да, қазаққа да керек болады. Жақында ғана «Өкпек жолаушы» француз тіліне аударылды, келесі жылы Париж қойғалы жатыр. Драматургиямен қазір жұрттың бәрі айналысады, бірақ, оның шын мәнінде не екенін көбі біле бермейді. Драматургия – асау, тағы жанр. Оны «көндіріп», игеріп, бас білгізу қиын.

Оқиғаны құр баяндап беру – драматургия емес. Нені айттың? Кімге айттың? Қалай айттың? Не үшін айттың? Міне, осы төрт сұраққа жауап бер. Сонымен қатар, оқиғаны бірсыдырғы өрбіте бермеген дұрыс. Ол көрерменді он минуттан кейін жалықтырып жібереді. Мінездегі ерекшелік, оқиғаның дамуындағы өзгешелік, морт сыну, өткір диалог, күтпеген оқиғалар құру… Қыс­қасы, көрерменді қызықтырып, жетелеп отыруға тырысқан жөн.

Белгілі бір детальді, сюжетті алғанда бәрін айта бермеу керек, өйтсең, композицияның мәні қалмайды. Бірін ғана айт. Осы оқиғаның ең ұрымтал тұсы не? Сол драматургияның кілті болады. Мысалы, «Жаужүректі» немесе «Жүз жылдық махаббатты» жазарда кілтін таба алмай, ұзақ жүрдім. Негізі, оны жазу ойымда да жоқ еді. Бірде Солтүстік Қазақстан облыстық драма театры «Сәбит Мұқановтың 110 жылдығына байланысты Балуан Шолақ жайлы пьеса жазып беріңізші» деді. Мен ат-тонымды ала қаштым. Бірақ, олар «жаңа пьеса жазып беріңіз» деп қолқалауын қоймады. Мен 5-6 ай ойланып жүріп, ақыры кілтін тапқандай болдым. Оның бүкіл өмірбаянын айтсаң, көрермен көреді, «қайран, біздің боздағымыз-ай» деп көзіне жас алады – болды. Бірақ, оның қажеті бар ма? Жазушы бұрын-соңды болмаған тың нәрсені таба білуі керек. Мен соны тапқандай болдым. Жазып шықтым. Бүгінде театрда жақсы жүріп жатыр.

Мен драматургиядан сабақ беремін. Жақында ғана бір студентім Әуезов театрында жарияланған конкурста бәйге алды. Ол да менің драматургияға қосқан еңбегімнің жемісі деп білемін. Драматургия үлкен ізденісті талап етеді. Жетпістен ассам да, әлі күнге дейін ізденемін. Әлі күнге дейін көп нәрсені білмейтін сияқты күй кешемін. Жаңа кітап қолыма түссе, «бұрын неге оқымағанмын?» деп ойлаймын. Ұзын саны 27 пьеса жазыппын. Сахнаға қойылмағаны жоқ. Өзімізді есептемегенде, шет тілдеріне аударылып, бірнеше мемлекетте қойылып келеді. Бұл – шығармаларымның керек екенінің бір дәлелі.

– Біздің театрларда пьесаға ұқсамайтын, поэтикалық сарындағы қойылымдар өріп жүр. Неге сондай дүниелердің сахнаға шығуына жол береміз?

– Кім білсін… Театр басшылығына байланысты шығар. Көңіл- жық­пастық деген тағы бар, сондай пендеуи себептермен сахнаға шығып кетуі мүмкін. Тіпті, көрермен келмей жатса да, мақтауын асыра ұйымдастырып беретіндер бар. Қазір плюрализм, яғни, пікір алуан­дығын алға ұстап, нашар дүниені ақтап алатындар көбейді ғой. Кейінгі уақытта шынымен-ақ театрдағы репертуар, драматургияның сапасы төмендеп кетті. Кез-келген тақырыпты ести сала жазу – кемшілік, оны пісіріп, кілтін таба білу керек. Менде де талай тақырып тұр. Соларды жазып, көрерменді жылатуға да болады. Бірақ, мәселе онда емес. Ең бастысы – оқиғаны екшей білу. Ал қазіргі көп шығар­малар – драма емес, сахналық поэзия. Баяғы Райымбек Сейтметовтер қойып жатты ғой, Қадыр Мырза Әли, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов, Тоқаш Бердияровтың өлеңдерін сахналап шығарды. Ол – басқа жанр! Ал оны пьеса деп беру – үлкен қателік! Мұны драматургияға қарсы жасалып жатқан әрекет деп есептеймін.

 

«Ішінде баласы жоқ әйелдің толғағы сияқты»

 

– Өткен ғасырдың 60-70-жылдары жайында «Лениншіл жас» газетіне бір мақалаң шықса, таңертең жұлдыз боп оянатынсың» деген сөзіңіз бар ғой. Ал қазір ел біле бермейтін есімдер бір кітап шығарып, жарқыратып тұсаукесер жасап жатады. Ал одан кейін сол кітапты оқып, қызу талқыға салып жатқандарын байқамаймыз. Бұл турасында не айтасыз?

– Қазір кітап шығарып, тұсау кесуге құмарлар көбейді. Бірақ ертеңгі күні бәрі ұмытылып қалады. Себебі, тың көзқарас, жаңашылдық, батыл ой жоқ. Баяғы сары уайым, әйтеуір «ұлтым», «тілім» деп өлең жаза беретін «күшеншек» ақындар шықты. Мен ондайларды «Ішінде баласы жоқ әйелдің толғағы сияқты» деймін.

– Жазушы Дидар Амантай бір сұхбатында «шет елде жаңа кітаптың 30-40 секундтық жарнамасын жасап, әлеуметтік желілерден, телеарналардан насихаттайды» деп айтқан еді. Біз де сондай тәсілді пайдалансақ қалай болар еді?

– Қазір жарнаманың заманы ғой, бәлкім, ол да керек шығар. Бірақ, кейін қандай кітаптарға жарнама жасалып кетеді? Тағы да бейталанттар таланттардың алдын орап кетіп, соларға жарнама көбейе бастаса, «мұны тоқтату керек» деген пікір қайта шығады. Жақсы кітаптар жарнамасыз қалады да, нашарлары жарқ-жұрқ етіп беріліп жатады. Бұрын біз «капитализм келді, нарықтық экономика табалды­рықты аттады, енді таза әдебиет қана шығып, «халтура» тоқтайтын болады» деп ойлайтынбыз. Қазір таза әдебиет тасада қалды да, арзан­қол дүние алға шығып кетті. Содан кейін біздің оқырман шатасып жатыр. «Осы бір кітапты оқиыншы» деп сатып алса, болмайтын бір дүние болып шығады. Ал жақсы кітаптар бар болғаны 2000 данамен тарайды. Ол кімге жетеді? Содан кейін «халтуралар» жақсы кітап­тардың алдын орап, жарнаманы да солар иеленіп жатады.

Мен Англияға барғанда, кітапханаларының бәрінде болдым. Бізге қарағанда, олардың телеарналары да, киносы да жақсы дамыған ғой. Олар біз ойлағандай емес, кітапқа да ерекше көзқараспен қарап, жақсы оқиды екен. Оларда кітап жәрмеңкесі, саудасы ерекше жолға қойыл­ған. Ғаламтордың заманында да кітап шетке ысырылып тасталмаған.

– Қазір интеллектуалды әдебиет керек деген пікір жиі айтылып жүр. Қарапайым тілмен айтқанда, ол қандай болуы керек?

– Меніңше, қазір жұрт қызығатындай шығармалар қажет. Бала кезімізде «қызық кітап» деуші едік қой. Сондай «қызық кітаптар» керек. Мәселен, бір  оқиғаны 10 адам бірдей көруі мүмкін, бірақ, соның ішінде сол оқиғаны қызықтырып айта алатын бір адам болады. Жазу­шылық деген – шеберлік. Майын тамызып, қызықты етіп жеткізе білу, оқыған адам сол шындықтан бір ғибрат алатындай, көкейіндегі сұраққа жауап табатындай, бей-жай қалмайтындай жазу қажет. Оқырманның көкейіндегісін дөп басып тауып, ол «бұрын мен мұны қалай байқамағанмын?» дейтіндей болуы керек. «Мен де осылай жазып, айта алатын едім ғой» дегізсе, ол – шығарманың шыншылдығы, шынай­ылығы. Ал соны өзің тыңнан жазып көрші. Бұл – екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние. Шыншыл әдебиет, суреткерлікпен жазылған шығарма өміршең болады. Қандай шындық болсын, егер шебердің қаламынан шықпаса, құнсыз, жансыз күйінде қалады.

– Дулат аға, кейінгі кезде телеарналар «жасарып» кетті деген мәселе жиі көтеріліп жүр. Осы жағдай сізді алаңдата ма?

– Алаңдатқанда қандай! Жалпы, телевизия – жастардың жиын немесе концерт өткізетін мекемесі емес. Оған тәжірибесі мол, аналитикалық қабілеті, қоғамдағы бүкіл ахуалдан хабары, өзіндік пікірі мен талғамы, ұлттық ұстанымы бар, сауатты, көп нәрсені көкейіне түйе білген адам керек. Мұның бәрін бір адам бойына жинақтау үшін де біраз уақыт қажет. Ал мектепті, университетті жаңа бітіріп келген қыздар «робот» сияқты. Бар деген жеріңе барады, айтқаныңды істейді. Рас, сымбатты, әдемі шығар, бірақ, телевизияның мақсаты ол емес. Мысалы, СNN, 365, RBK деген арналарды көрсең немесе Ресей теледидарын қарасаң, олардың сұрақ қойып отырған журналистері экономистердің, саясаттанушылардың өздерін шатастырып жібереді. Президенттермен сұхбаттасу барысында сұрақ қою шеберлігімен ерекшеленіп жатады. Міне, бізге осындай талантты адамдар керек. Білікті журналистер дайындау қажет. Қазақ теледидары олардың қасында әлі бала сияқты. Қазір біздің арналарды көрудің өзі қиын. Тіпті, кейде өзім қатысқан бағдарламаларды да көргім келмей кетеді. Ал, мысалға Ресейді алсақ, бір киноны талқылайтын болса, алдымен бәрі көріп алады, сосын пікірлерін білдіреді, әркім өз кезегімен сөйлейді. Сынды да дұрыс қабылдайды. Ал бізде ше? Бәрі бір-бірін тыңдамай, қызылкеңірдек болып дауласып, соңында «сені де білеміз ғой» дегенмен аяқтайды…

Сұхбаттасқан – Толқын СҰЛТАНОВА

"Алматы ақшамы" газеті

0 пікір

Пікір қалдыру

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар