28 ақп, 2020 сағат 13:15

Прокуратура: Ағаділ денесіндегі "дақтар" - биологиялық өлімнің белгілері

Уақытша ұстау оқшаулағышында көз жұмған Дулат Ағаділдің адвокаты мен ағасы мәйітті тексеру кезінде қасында тұрған. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасында өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қала прокурорының орынбасары Елдос Келімжанов "Ағаділді тергеу изоляторында азаптаған" деген ақпаратты жоққа шығарып, оның денесіндегі "дақтарды" биологиялық өлім белгілері деп атады.

«Бірінші кезекте Ағаділдің мезгілсіз өмірден өтуіне байланысты жақындары мен туыстарына көңіл айтамыз. Әлеуметтік желі мен интернет ресурстарда Ағаділдің мәйітін жуындыру рәсімін видеоға түсіріп, оған күш көрсеткені туралы ақпарат тарап жатыр. Бұл - этика мен моральға қарсы келетін әрекет. Видеоматериал мен оның таралып кетуі қайтыс болған адамның туыстарының рұқсатынсыз жүзеге асырылған.

Видеоматериалдарда мәйітте дақтар бары айтылады. Оны дене жарақаты деп атайды. Мұнда оның пайда болу себебін түсіндіре алатын мамандар бар. Мәйіттегі дақтар - бұл биологиялық өлімнің белгілері. Медициналық тілмен айтқанда, дақтар адамның жүрегі тоқтағаннан кейін кемінде бір сағат өткеннен кейін пайда болады», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы прокурорының орынбасары Елдос Қилымжанов.

Оның айтуынша, бастапқыда Ағаділдің денесін Талапкер ауылдық ауруханасы мен тергеу изоляторының дәрігерлері қарап шығып, "соққы іздерін" таппаған. Оқиғаға қатысты қозғалған қылмыстық іс аясында сот медициналық сараптама тағайындалған.

«Ағаділді Ақмола облысының полиция қызметкерлерінің тұтқындауы сот санкциясы негізінде жүзеге асырылған. Белгіленген тәртіп бойынша, Дулат Ағаділді Талапкер ауылының емханасындағы және тергеу изоляторындағы медициналық қызметкерлер қараған. Күш қолданғандығын білдретін дене жарақаттары болмаған. Қылмыстық істі тергеу аясында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қайтыс болған адамның отбасына адвокат ұсынылды және сот-медициналық сараптама саласында екі маман жұмысқа тартылды. Олар мемлекеттік сот сараптамалық қызметтің мүшелері емес», - дейді ол.

Сондай-ақ, прокурор орынбасары мәйітті тексеру жұмыстары қалай жүргізілгенін айтты.

«Келесі күні мәйітті тексеру Ағаділдің ағасының, адвокаттың және екі медициналық маман - Арман Аханбетов пен Руслан Сатыбалдиевтің қатысуымен өтті. Мәйітті тексеру қорытындысы бойынша, Ағаділдің ағасы мен адвокат Азановтың ешқандай шағымы болған жоқ. Мәйітті сою және зерттеу барысы видеоға түсірілген, оны этикалық себептерге және туысқандары рұқсат етпегеніне байланысты жариялай алмаймыз. Алдын ала болжанған қорытындыны бұған дейін айтқанбыз: Ағаділдің өліміне жүрек-қан тамыры ауруы себеп болған. Сот сараптамасының түпкілікті қорытындысы жақын арада лабораториялық зерттеуден кейін белгілі болады», - деді ол.

Елдос Қилымжановтың айтуынша, 26 ақпанда барлық жағдайды тергеудің объективтілігін қамтамасыз ету үшін қылмыстық іс Нұр-Сұлтан қаласы прокуратурасының арнайы прокурорлар басқармасының өндірісіне қабылданды. Қазір барлық қажетті тергеу амалдары жүріп жатыр.

Еске сала кетсек, 25 ақпанда қоғам белсендісі Дулат Ағаділ Нұр-Сұлтан қаласындағы тергеу изоляторында көз жұмды.

Қалалық Полиция департаменті Дулат Ағаділдің өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастаған.