#
#
Cәрсенбі 28/06/2017

Досай Кенжетай. Мемлекет қайда? Оның тарихқа деген сұранысы қайда?

  • 24.12.2016
  • 0
  • 2491

Тарихи сана ең басты тұғыр. Себебі оның орталығы адам. Сол адам тарихи сананы сақтайтын да қажет ететін де...

Қазақта тарихи сананың болу себебі, қазақ деген болмыс бар, тірі, егемен елі бар. Енді сол тарихи сананың иесі адам, яғни қазақ өз тарихи танымы мен тарихи тәжірибесі арасында сабақтастықты ғылыми танымдық деңгейде құрып, оны қажетіне жарата алмаса, жалғыз тарихи сана ештеңе де істей алмайды. Сондықтан қазақтың тарихи санасын жаңғыртып, оятып, үш уақытын: өткені, бүгіні мен болашағына сенім ұялататын тұғыры ол - тарихи таным екендігі мәлім.

Тарихи таным деген - ол қазақтың тарихи тәжірибесіндегі барлық қабаттардың ғылыми айналымда болуы. Бірақ біз белгілі себептермен, тарихи танымын ғылыми айналым арқылы жаңғыртуды әлі мемлекеттік деңгейде саясат не жоба ретінде қолға алған емеспіз. Тек қана бірлі-жарым жекелеген ғалымдар болмаса. Тарихи сана мен тарихи танымның тұтастығы ең бірінші саяси институт - мемлекетке, билікке негізгі тұғыр болуы керек еді. "Мәңгілік ел" идеясын көтеріп жүрген ел алдымен, мәңгілікке өзінің өткен тарихымен ғана ұмтыла алады. Ол мәңгілігі құндылықтары мен сол мемлекет сүйенген болмыс туралы болмақ. Мемлекет болмысында оның құрушысы, саяси-құқықтық жүйесі мен тәжірибесі, өткені мен болашағы тұтастай оның тарихи тәжірибесінің қабаттарынан тұрады. Мемлекет сол қабаттардағы кез келген құндылықтары мен трансформациялық құбылыстарына мән бергені абзал. Егемен ел болып жариялаған соң, кешегі кеңестік инерцияның ұстанымдары мен ықпалынан ажырап, сана дербестігі мен саясатын да нақтылап алу үшін де тарих философиясы - шарт.

Платон айтпақшы, мемлекет де адам сияқты. Оның да жастығы, жігіттігі мен қартығы келетін шақтары бар. Ниетім, мемлекетіміз жас бола тұра қартайып қалмас үшін де осы салаға дұрыстап көңіл бөлгені абзал деп білем. Жеке ойым. Биліктегілер өздері біліп бірдеңе істеп жатқан болар деген үмітім де жоқ емес. Бірақ тарихи санада жаңғырық жоқ. Осы өтіп бара жатқан жылды ЮНЕСКО Иасауи жылы деп жариялады. Бұл құбылыс, мемлекет үшін де бүгінгі исламофобияға да қалқан ретінде ұстанатын іс шара болуы тиіс еді. Мемлекеттік институттан да, НұрОтан деген саяси партиядан да, БҒМ мен Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінен де үн шықпады. Түркияда белсенділік танытылды. Өзбекстан да құр қалмады. Қырғыз бен Әзербайжан да шет қалған жоқ. Бірақ Қазақстан бұған қосыла алмады, үн қата алмады.

Жазда ҚМДБ-ға айтып жүріп он шақты зерттеушінің басын қосып "дөңгелек стөл" өткіздік. Күзде "Түркі Академиясы" деген атың бар ғой деп, Иасауи атын "Кітап көрмесінде" зікір еттік. Негізі бұл істі тарихқа деген сәл де болса құрмет сезімі барлармен ғана тыраштанып өткіздік. Бәрі қоғамдық негізде болған әрекеттен аспады. Сонда мемлекет қайда? Оның тарихқа деген сұранысы қайда?

Қазақстанда мемлекет болмысы үшін теория мен практика қашан үндесіп, үйлеседі екен деген ойдан туған пікірім... Өз сөзім - өзімдікі... Егер билікті орынсыз сұрақтармен мазаласам, кешірім өтінемін. Себебі билік деген қазақ үшін сокральды құбылыс. Қазақтың қамына назарын салмаса да, ертең есі кіргесін ойланар деген үміт те жоқ емес.

Досай Кенжетай

теолог, дінтанушы, профессор

0 пікір

Пікір қалдыру

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар