17 там, 2018 сағат 08:57

"Салафизмнің сан қырлы қабаттары..."

Салафизмнің сан қырлы қабаттары бар. Болмыстық эпидемиологиялық жағы - фундаментализм. Яғни, нақыл бірінші деген ұстанымға негізделген. Мұнда адам пассив орында тұр. Алла мәтініндегі міндеттерді адам орындаушы ғана болу керек! Адам ондағы міндеттер мен уәжіптерді ақылға да салмай, салыстырмай, қай жерде, қай кезде болмасын сол қалпында орындауы тиіс. Себебі Алла адам үшін ненің жақсы, ненің жаман екенін, ненің пайдалы, ненің зиян екеін әу баста шешіп қойған. Тек тәсілім шарт. Саяси құқықтық жағы - метатрадиционализм. Радикализм мен терророизм. Бұл ұстаным ретінде Батыс пен Шығыстың есептесуіне психологиялық агрессиялық сипат беретін платформа. Европацентризмге оңай құрал болатын тенденция да осы хәлге байланысты дамиды. Себебі екі ұрпақ арасында жікті де, тарихи сабақтастықты да үзіп тұратын ескі мен жаңа диалектикасы да осы негізде пайда болады. Ал енді Қазақстанда және басқа да мұсылман мемлекеттерінде салафизм қалыптасқан дәстүрлі таным мен діни құндылықтарды жоққа шығару арқылы жік салады. Сосын мемлекет жүйесі мен Батыстық құқықтық зайырлы ұстанымға қарсы шығады.

Кез келген қоғамдағы құбылысқа өзіндік түсіндірме және анықтама жасау қабілеті бар доктрина болғандықтан да нақылшылықты алға тартып, "дәлел", "құжат" негіздеу логофемдерін шебер қолдана алады. Тілдегі нәрсе санадан орын алып, ақыры амалға ойысып, агрессиялық психология оп-оңай акцияға айналып шыға келеді. Оның көріністері Қазақстанда типтік ахуалға айналды. Мемлекеттік органдар да салафизм ықпалы мен ыңғайына жығылды. Мысалы, сіз салафилерге ұнамайтын ой немесе пікір, кітап не мақала жазсаңыз, салафилерден бұрын мемлекеттік органдар тарапынан "қауіпті ой айтушы" ретінде таңбаланасыз... Мұның мысалдарын алдағы уақыттарда нақты талдап беретін боламын...

(Жалғасы бар...)

Досай Кенжетайұлының фейсбуктегі жазбасынан