15 ақп, 2020 сағат 12:45

Допинг ережесін бұзған ресейлік биатлоншы Сочи олимпиадасындағы алтынынан айырылды

Ресейлік биатлоншы Евгений Устюгов антидопинг ережелерін бұзды деп айыпталып, 2014 жылы Сочи олимпиадасында алған алтын медалінен айырылды. Бұл туралы ТАСС агенттігіне Ресей биатлоншылар қоғамындағы дереккөз хабарлаған.

Устюгов тыйым салынған затты (оксандролон) пайдаланғаны үшін айыпталып отыр. 2013 жылғы 27 тамыздағы спортшының нәтижесі, барлық медальдары мен ұпайы және сыйлықтары дисквалификацияланды. 

Күші жойылған нәтижелерінің қатарында Устюговтың 2014 жылғы Олимпиада ойындарында эстафетадан алған алтын медалі де бар. 

Сондай-ақ сенбі күні Халықаралық биатлоншылар одағы (IBU) Устюгов пен Олимпиада чемпионы Светлана Слепцованың екі жылға жарыстан шеттетілгенін растады. 

Айта кетейік, Устюгов - 2010 жылғы Олимпиада ойындарының масс-старт бойынша чемпионы.