20 сәу, 2017 сағат 09:33

Д.Назарбаева: Сыбайлас жемқорлықпен күрес «елестермен күреске» айналып кетпесін

Парламент Сенатында Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Baq.kz.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев атқарылған істер жайында айта келіп, нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын міндетті түрде сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жасауды және айқындалған сыбайлас жемқорлық қауіптері жөніндегі ұсыныстарды міндетті түрде орындау институтын қалпына келтіруді ұсынды. Одан басқа, агенттік этикалық тұрғыдағы тәртіпсіздіктердің жекелеген құрамын мемлекеттік қызметтің беделін түсіру әрекеттерінің қатарына жатқызуды ұсынып отыр.

Дариға Назарбаева сыбайлас жемқорлықпен күрес «елестермен күреске» айналып кетпеуіне назар аударды.

«Адамды жазалау үшін шешім қабылдауда әдепсіздікті қалай өлшеуге болады? Онда адам тағдыры, оның отбасының тағдыры шешіледі. Бұл жерде өте мұқият болу керек», - деді ол.

Сенатор сонымен бірге сыбайлас жемқорлық туралы тәртіп бұзушылықтар туралы хабарлаған азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетуді ұсынды.

«Оларды қорғауды және лайықты марапаттауды қамтамасыз ету қажет», - деп санайды сенатор.

Сенаттың баспасөз қызметі хабарлағандай, Нұртай Әбіқаев, Серік Жақсыбеков, Ляззат Киинов, Рашит Ахметов, Серік Ақылбай, Сәрсенбай Еңсегенов өз ұсыныстары мен ескертпелерін айтты. Депутаттар Парламент жанынан ғылыми-зерттеу институтын құруды, мемлекеттік қызметшілерді таңдау барысына жан-жақты назар аударуды, мемлекеттік қызметшілерге лайықты еңбекақы төлеу мүмкіндігін қарастыруды, қоғамдық кеңестер жұмыстарын жетілдіруді ұсынды.

Дөңгелек үстел соңында комитет төрағасы Д.Назарбаева: «Бес институттық реформаны іске асыру жөніндегі Ұлт жоспарында барлық маңызды мәселе қарастырылған болатын. Парламент қажет заңдарды қабылдады, бірақ олар жұмыс істемей отыр, өйткені бюрократия оған назар аудармады», - деді.