13 там, 2019 сағат 08:01

Дмитрий Баландиннің көлігінің айнасын ұрлаған жігіт сотталды

Алматыда Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин көлігінің айнасын ұрлаған Айдос Уәлиевтің бас бостандығы 4 жылға шектелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

№2 Алмалы аудандық сотының судьясы Кәмшат Сәуірова Айдос Уәлиевті ҚР ҚК 188-бабы бойынша айыпты деп тауып, 4 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарды.

«Сотталушы Айдос Уәлиевтің айыбы толық дәлелденді деп санаймын. Алайда оның бұрын сотталмағанын, қартайған ата-анасының бар екенін, іс бойынша шығынның жоқтығы ескерілді. Сол себепті сотталушының 4 жылға бас бостандығы шектелсін. Сотталушы сот залынан босатылсын. Пробациялық бақылау орнатылсын», - деді үкімді оқыған судья.

Жәбірленушілер белгілі Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин мен Алматы тұрғыны Рауанбек Қуанов. Сотталушы екеуінің көлігінен айналарын ұрлап кеткен.

Алдыңғы сот отырысында сотталушы жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынды толығымен өтеген болатын.

Бұған дейін прокурор оны 3 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.

Еске сала кетейік, оқиға 1 сәуірде болған. Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландиннің Toyota Land Cruiser көлігінің айнасын біреулер ұрлап кеткен болатын.

Осыдан бір жыл бұрын сол жерде Денис Теннің көлігінің айнасын ұрлағандар спортшыны пышақтап кетті, ол кейін ауруханада көз жұмды.