01 сәу, 2019 сағат 17:26

Дмитрий Баландин көлігінің айнасын ұрлаған адам қолға түсті

Алматыда Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландиннің көлігінің айнасын ұрлаған адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Полиция басқармасының хабарлауынша, криминалды полициясы басқармасы мен Алмалы аудандық полиция басқармасының қызметкерлері 33 жастағы ер адамды ұстаған.

Күдікті бұған дейін 3 рет осындай қылмыс жасағаны үшін сотталғаны белгілі болды.

«Ол бір жерде екі рет қылмыс жасағанын мойындады. Қылмыстық іс бойынша айғақ заттар күдіктінің тұратын мекенжайынан табылып, іс материалдарына тіркелді», - деді полиция департаментінен.

Айта кету керек, бұл деректер бойынша іс ҚР ҚК-нің 188-бабымен сотқа дейінгі тергеу тізіліміне тіркелді.


Қылмыскердің ұрлық жасаған сәті көшедегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Полиция мүлік ұрлығына қатысты қылмысты азайту мақсатында адам көп шоғырланған жерлерде жедел-профлиактикалық іс-шараларды белсенді жүргізіп келеді. Сол шаралардың нәтижесінде 4 мың 651 адам ұсталып, 118 қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылды.

Автокөлік бөлшектерін ұрлаған 403 адамның ішінде 37-сі айна ұрлаумен айналысып келген. Олардың 7-і бұрын сотталған.

Ұрланған затты саудаламақ болған 16 адам істі болды. Осындай сауда нүктелерінен 51 бүйір айнасы, 7 автомагнитола, 14 тұманға қарсы фар табылған.