02 қар, 2017 сағат 10:56

Діни фанатизм қаупі һәм зайырлылық қағидаттары

 

ХХІ ғасыр мәдениет пен өркениеттің, адамның арман-қиялын жүзеге асыратын технологиялардың үздіксіз дамып жатқан дәуірі. Бұл кезеңде ғұмыр кешіп жатқан көптеген мемлекеттер, өмірдің жаңа ағымымен ілгері даму мақсатында өз саясатында, демократиялық және зайырлылық қағидаттарын таңдауда.

Демократия – «халық билігі» дегенді білдірсе, зайырлылық – діни бостандықты айқындайды. Әлеуметтану ғылымында зайырлылық екі типология арқылы анықталады. Біріншісі – мемлекет пен діни бірлестіктер арасында серіктестіктің болуын көздесе, екіншісі – мемлекеттің құқықтық жүйесіне дін ықпалының дәрежесін анықтайды. Бұл критерилер зайырлы мемлекеттің төрт түрін бөліп көрсетуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда: преференциялық, эквипотенциялық, контаминациялық, идентификациялық. Бұлардың алғашқы екеуі мемлекеттің максималды түрде діннен оқшаулану саясатын қолданса, соңғы екеуі мемлекеттің діни бірлестіктермен ынтымақтастығын қолдайды.

Әлемдегі мемлекеттердің төрттен бір бөлігі зайырлылық қағидатын ұстанады (АҚШ-тың діни бостандық жөніндегі халықаралық комиссиясы (USCIRF) 2013 жыл). Дегенмен әр мемлекетте зайырлылықтың өзіне тән үлгісі бар. Кейбіреулер зайырлылықты атеизммен шатастырып жатады, алайда бұл екеуі екі бөлек түсінік. «Атеизм» дінге мүлде тыйым салса, «зайырлылық» дінді ұстану, ұстанбауда таңдау еркіндігін береді.

Қазақстан тарихи себептер негізінде көп ұлтты әрі көп конфессиялы мемлекет болып қалыптасты. Сондықтан Отанымыз үшін «зайырлылық» қағидатының ілгері дамуы, қоғамда тұрақтылықты сақтау жолындағы бірден-бір қажет құрал. Қазақстан үшін жоғарыда аталған зайырлылық типологиясының соңғы екі түрі тән.

Дін саласындағы мемлекеттік саясат Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында, сондай-ақ «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған шеңберде қалыптасуда.

Жолдауда Елбасы: «Қазақстан – зайырлы мемлекет. Азаматтарды ар-ождан бостандығымен қамтамасыз ете отырып, мемлекет, дегенмен, қоғамға өз бетінше біздің дәстүріміз бен заңдарымызға қайшы келетін әлдебір қоғамдық нормаларды тықпалайтын әрекеттерге өте қатаң қарсы тұратын болады», деп ерекше атап көрсетті.

Қазақстандағы діни ахуал ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» және басқа да заңнамаларымен реттеліп отырады.

Еркіндік берген екен деп шектен шығуға болмайды. Қазақстанның тұтастығына, қауіпсіздігіне кері ықпал ететін діни бірлестіктерге тыйым салынады. Бүгінде Қазақстан аумағында 23 экстермистік және террористік, оккульттік-мистикалық деп танылған діни бірлестіктер тыйым салынған ұйымдар қатарында.

Діни экстремизм мен терроризм – мәдениет пен өркениеттің құлдырауына әкеп соғады. Бүгінгі экстремизм мен терроризм діни фанатизмнен туындап отырғаны белгілі. Діни фанат – мемлекеттік саясатқа, жалпы зайырлы қоғамдық пікірге іргелі түрде қарсы келіп отырады. Сонымен қатар, ұлттық құндылықтарды түбегейлі мойындамайды, тіпті қарсы шығып, «жойып» жіберуге де дайын тұрады.

Отандық дінтанушы Е. Бурованың пікірінше, жат пиғылды сенімдегілердің отбасында қалыптасқан мәдени дәстүрлерден бас тартуға, туған-туыстарымен өзара қарым-қатынастарда жалпы қабылданған құндылықтар мен басымдықтарды үзуге шақыратын үндеулер тарататындығын, алға тартады.

Өз кезегінде, діни фанатизмнің елімізде қалыптасқан бейбітшілік пен тұрақтылыққа нұқсан келтіру қауіпі зор. Теріс діни ағым өкілдері аңсағандай біз ислам дінін ұстанатын теократиялық мемлекет бола алмаймыз. Көпэтносты және көпконфессиялы елде тұрақтылықты сақтау үшін зайырлылықты мәңгілік ту етуіміз қажет.

Дін мәселесі өте нәзік шешімдерді талап етеді, мүлт кетіп, қате жіберуге жол жоқ. Еліміздегі діни бірлестіктер өз қызметінде елдегі тұрақтылық пен ұлтаралық татулық, қазақстандық патриотизм, жастарды рухани-адамгершілік рухта тәрбиелеу сынды маңызды істерді назарда ұстауы тиіс.

Қазақ елі – жарқын болашаққа қарай ұмтылған жас, тәуелсіз мемлекет. Қазақстан демократиялық, зайырлы құндылықтарды ұстанатын ел және еліміздегі этностар өзінің мәдениетін, салт-дәстүрін сақтау мен дамытуына барлық жағдай жасалған.

Зайырлылық тұрақтылық пен бейбітшіліктің кепілі, сондықтан да қазақстандықтардың оң таңдау жасағандығын нық айта аламыз.

Иманбаева А.Қ.,

ҚР ДІАҚМ ДІК Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы

Талдау жұмысы бөлімінің жетекші сарапшысы

Ұлт порталы