02 қыр, 2016 сағат 08:17

Діни дүмбілездік. Бұл қай шатасу?

 

Дін туралы тақырып, діни ахуал туралы сөз қазір ешкімді де немқұрайлы, алаңсыз қалдырмайды. Қазақстандағы діни ахуал-жағдайы бірегей емес, оның айқын тренд, белгілерін бүгін әлемнің кез келген елдерінен оңай табуға болады. Ол үрей, сенімсіздік, фобиялар (исламофобия) және т.б.. XX-ғасыр соңы мен XXI ғасыр басы солай етті. Осы аралықта орын алған ғаламдық геосаяси өзгерістер, қайта бет-бұрыстар, біздің қоғамдық-саяси өмірімізді, келбетімізді өзгертті.

Әйтседе, дін мәдени құбылыс, мәдениеттік өзіндік өлшемі бар, нәзік құрамдас бөлігі болып табылады. Қазақстан көне замандардан бері өркениеттердің тоғысында жатып, мәдени диалог, өзара алмасу үдерістерінің орны болды. Ұлы Жібек жолы бойымен тек қана капитал, материалдық қымбат әшекей заттар ғана жүрген жоқ, сонымен бірге идеология, дін, білім де көшіп отырды. Білім демекші, көне және ортағасырлар кезеңінде дін жалпы әлемде діни миссионерлік қызметпен қатар, ағартушылық рөлді де атқарды. Адамдар хат таныды, кітапханалар ашылды. Нәтижесінде Қазақстанда зороастризм, манихей, христиан, буддизм, ислам діндерімен бірге қуатты білім ошақтары орын алып, соңында мәдениеттану ғылымында берік орын алған «Түркі-мұсылман ренессансы» құбылысы пайда болды. Бұл аталмыш құбылыс әлемге көрнекті өкілдері ретінде Әл Фараби, Ахмет Яссауи, Махмұд Қащқари, Жүсіп Баласағұни және т.б. сияқты интеллектуал, діни реформаторларды берді. Яғни сол замандарда дін мен философияның, білім, ғылымның синтезі болды. Қазіргі діни дағдарыстың басты себептерінің бірі – осы білім мен діннің, дін мен ғылым, философияның бір-бірінен алшақтауында жатыр.  Жалпы, мәдениет саласындағы дағдарыс, оның құрамдас бөліктеріне де өз әсерін беріп, жатыр, өйткені, «адамның мәдениеті қандай болса, онда оның саяси, экономикалық сауаты, деңгейі сондай дәрежеде болады». Бұл максима тұтас мемлекет, құрлықтық өркениеттерге де таратыла алады.

Діни қауіп, үрей, бүгінгі таңда ислам радикализмімен тығыз байланысты. Осы жерде, тағы да саясаттан, мәдениетке ауысамыз, себебі, діни құбылыс, субъектілердің атауы, терминология, ұғымдық-категориялық аппарат (әсіресе қазақ тілінде) ақсап тұр, және ол өз кезегінде салдары ауыр қателіктер мен жағдайларға әкелуі мүмкін. Мысалға, жоғарыда аталған ислам радикализмі сөзі. Ислам сөзінің мағынасы әркімге белгілі, радикализм сөзінің төркіні де барлығымызға аян. Ислам – ол дін, тура мағынасы иманға салауат ету, құлшылық ету, момын, бейбіт болу деген мағынаға саяды, ал радикализм – шектен шығу, өрескел әрекет, жолдарға бару дегенді білдіреді. Яғни, көз алдымызда тура қарама-қайшылық тұр. Бұл шатасу. Ислам - бейбіт дін.

Дегенмен, ислам діні, өркениеті терең дағдарыста жатыр. Қазақстанда да сол жағдай. Діни еркіндік пен төзімділік аясында Қазақстанда түрлі діни ағымдар мен тоталитарлық секталар, ұйымдар көбейіп, өздерінің заңға қайшы прозелитизм, миссионерлік қызметтерін жалғастыруда. Осы жерде олармен жұмыс жасайтын, оларға қарсы жұмыс жасайтын діни сауаты бар, теологиялық, философиялық білім бар кадрлар тапшы. Ұтылып жатқан жеріміз көшедегі атыс, лаңкестік акциялар емес, ұтылып жатқан жеріміз – ол ақпараттық майдан.  Қазір ғаламтор желісінде сансыз заңға қайшы ақпараттар мен үгіт, насихаттар жүргізілуде.  Жастар сол уағыз, үгіттерге иланып, алдануда.

Бүгін Кеңестік кезеңде өмір сүрген әрбір ересек азамат, сол кезде неге осындай діни қауіп болмады деген сұрақ қоятыны белгілі. Әлемнің жетекші державаларының бірінде мұндай мәселе болмады. Тоталитарлық қоғам, өзгеше ойлауға да мұрша бермеді. Діни рухани азықтың орнына жастар білім, ғылым қуды. Қазір білім девальвациясы кезеңінде осы арнада вакуум қалыптасып, жастар оның орнын оп-оңай дінмен толтыруда. Мұның өзіндік теріс эффектісі болатыны сөзсіз. Алдағы жұмыс осы бағытта жүргізілуі тиіс.

Талапкер Уалиев. Көкшетау.

Ұлт порталы