07 нау, 2017 сағат 11:06

Дина Елгезек. Сағадиев өтірік айтса - өкпелемесін...

Орағың өткір болса, қарың талмайды. Отаның берік болса, жауың алмайды... 

Өз ұлтынан қиянатты көп көріп, әлі де көсегесі көгермей келе жатқан туған тіл мен жердің тағдырына қатысты дүниені лупамен қарай бастаған қандастарыма қарап, кеудемді шаттық кернейді. Кезінде Еуразиялық Одаққа қарсы болған санаулы "сарбаз" едік. Түрімізге қарамай осында одыраңдап отырушы ек. Қазір қарамыз көбейіп, қатарымыз ұлғайыпты. "Қалың қазақ ұйқыдан оянған екен, енді бізді жау алмас" деп, Аллаға сансыз шүкірлік етіп қоямын іштей...

Біз "ұйқыда" жатқанда талай кесапат шешімдер қабылданып кетті. Қайсыбірін айтайық...

"Тізесі шыққан" проблеманы тізбектегеннен не пайда? Және кімге өкпелейміз... Ендігі мәселе, ұлтқа қатысты кез-келген дүдәмәл дүниені қырағылықпен сұрыптап, келіспейтін тұсты кесіп тастап отыру керек. Елдікті сақтау үшін одан өзге жол жоқ! 

Сонымен, кеше кешкілік "атышулы" министрмен дидарласуға бардық.

Кездесуде көптің көкейін тескен көп сауалды мен қоймастан, өзі жайып сала берді. Министрдің сөзін ұққаным бойынша, Қазақстан "Болония процесіне" мүше болғандықтан, 2009-шы жылдардан бастап осы декларациясы негізінде Еуропалық білім берудің бірыңғай жүйесіне көшу үшін елде мың-сан жоба жасалған. Бірақ, ол жобалар іс жүзінде іске аспаған, шешімі бекімеген соң, қағаз жүзінде қалған. Әлгі сенімге селкеу түсірген құжат - ЖОО арасында "қаңғып" жүрген қағаздардың бірі болса керек.

"Болония процесі" - еуропалық бірыңғай білім беру кеңістігіне қарай ойысып, әр елдің ұлттық білім беру жүйесін соған икемдейді. Дәл қазір еуропалық бірыңғай білім берудің болондық тәсілін сынап жатқандар көп әлемде. Кәсіби техникалық білім беруге, ақпараттандыру, оқу бағдарламасына, несиелендіруге қатысты көңіл толмаушылық бар. Тіпті кей әлемдік ғалымдар Болон процесін - "провал" деп те атады... Сондықтан, менің ойымша білім беру саласы бойынша әлемдік интеграциялық үдерістен қалмау қажет, бірақ, оның өзін байқап, әбден талдап, ұлттық білім беру жүйесіне кесірі тимейтіндей, отандық білім сапасын жаңа сапаға көтеретін ең озық тәсілдерін аса сақтықпен енгізуіміз қажет... Бұл енді біздің ой...

Сонымен, министр "Сауат ашу" пәнінің орнына "Ана тілі" пәні оқытылатынын, ал нөлінші сыныптарда "Әліппеміз" қалатынын, "Қазақ тілі мен әдебиеті", "Тарих", "Лингвистика", "Шығыстану" өз орнында екенін, болашақта да бұл пәндердің сақталатынын, кафедралар қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатқандығын, электронды тақта әзірге болмайтынын, "Серпінге" қосымша 500 орын бергенін айтты... 

Алда Алматыда министр зиялы қауым өкілдерімен "тет-а-тет" кездесуді жоспарлап отыр екен. Бұйыртса, сол кездесуге қатысып, екі тараптың әңгімесін өз құлағыммен естіп, мүмкіндігімше тікелей эфир арқылы сіздерді хабардар етсем деген ойым бар. Тәтті сөзді ашқарақтана жұтып, ащы сөзді лезде түкіріп тастайтын қазақ мен емес. Алдымен, көрейік, сөйлесейік, тіпті қажет болса, комиссия құруды ұсынайық... Өтіріктің өрге баспайтынын білем, министрдің сөзі рас болса бізге жақсы, өтірік болса - өкпелемесін...

Дина Елгезектің фэйсбуктағы жазбасынан