10 ақп, 2017 сағат 13:26

Дина Елгезек. Сағадиев қазақстандық ұстаздарды менсінбей ме?..

"Еуропа көргендер халықпен "тет-а-тет" жұмыс істеуден қашпайды", пәлен-пәштүгін деп асыра мақтап келдік қой осы шетте оқып, шетте жұмыс істегендерді. Анығында, олай емес екен.

Мысалы, Әсет Исекешов - елде жүріп есейген азамат. Жаһандық желіде халықпен емен-жарқын сөйлесіп, тұрғындарды мазалаған сауалға бірден жауап қайырып, тіпті комменттерде көппен араласып-құраласып отырады. Одан оның абыройы артпаса - кеміген жоқ.

"Болашақпен" Ұлыбританияда оқып келген экономика министрі Қуандық Бишімбаев жемқорлық бойынша ұсталып кетті, мәскеулік түлек Бағлан Майлыбаевтың одан сорақы қылмыспен аты шықты...

Ал, енді Еуропада ұзақ жыл жұмыс істеп келген азаматтардың бірі деп арқа сүйеген азаматымыз, Білім және Ғылым министрі Ерлан Сағадиевке ел ұстаздары өткен жылдың қараша айында Үндеу тастады. Үндеуге үнсіздік танытқан соң, мен қоғамдық омбудсмен ретінде екі апта бұрын министрге үшбу хатты тапсырдым. Әлі жауап жоқ. Тас қамалына тығылған тасбақадай тас бүркеніп әлі отыр... Сол Үндеуде көтерілген мәселеге сырт қарамай қайта Ақпарат министрі Дәурен Абаев пен "Егеменнің" басшысы Дархан Қыдырәлі өздеріне қатысты мәселені шешіп үлгірді. Отандық мұғалімдер бұдан былай мемлекеттік газеттерге қыштап жаппай жазылмайтын болды. Ал, Сағадиевтың жауабын ел ұстаздары сарсылып күтіп отыр. Әлде сыртта тәлім алған ол, қазақстандық ұстаздарды менсінбейді ме?

Дина Елгезектің фэйсбуктағы жазбасынан