24 қар, 2016 сағат 08:25

Дина Елгезек. Бүкіл мәселе шешіліп, бар дүние Астананың атауына тіреліп қалды ма?

Көпірден көлікпен өттім... Қарт Есілдің мұртына мұз қатып тұр екен... Жазда да Есілдің есіп аққанын байқамаппын... Қашаннан жайбарақат... Ал, Есілдің жағасына жайғасқан кей есерсоқтау ағаларымның есіргенін естісем, Есілден ұялып кетем...
Иә...

Бүгін шімірікпестен көзіне мақтаған жағымпаздар, күні ертең көзі тайса, оп-оңай сата салатынына күмәнім жоқ... Жағымпаздық пен сатқындық қашаннан қатар жүреді... 

Жағынудан аты шыққан сол "жақсылар" биылғы Әлихан Бөкейхан атамыздың 150 жылдық құрметіне нендей игі ұсыныс жасады? "Бабамыздың торқалы тойын неге өз дәрежесінде ұлықтамадық, неге жетім қыздың тойындай өтті" деп шамданған, келесі жылы аталып өтетін Алашорданың мерейтойына алдын ала қамданған біреуі бар ма? Әрине, жоқ... 

Ал, аяулы Астанаға тіл тигізбейікші... Бұл қала - біздің төл қуанышымыз ғой... Тәуелсіздігіміздің символы! 300 жыл бодандықтан босап шыққан ұлтымыздың бірінші Жеңісі! Дербес, азат мемлекетімнің алғашқы батыл шешімі! Президенттің бір айтқаны бар еді ғой: " Ашығын айтайын, бұл шешімнің біздің ұлттық қауіпсіздігімізге қатысы бар. Аяулы Сарыарқаны саяси саудаға салып, дархан даламызды дау-дамайға айналдырғысы келетіндер бар кезде, солтүстіктегі шырайлы өңірге суық көзінің сұғын қадайтындар бар кезде біз мына жылы жерде, Алматыда тыныш отыра алмас едік. Біз Алатаудың баурайына сыймай кеткен жоқпыз, қайта жер жәннәты Жетісуды қимай-қимай кеттік. Тарихтың қатал талабы осындай." 

Біз, дауласайық-дауласпайық, бірақ, Астана - Назарбаевтың келешек ұрпаққа қалдырған жауһар ескерткіші... Болашақ ұрпақ Астана авторының құрметіне есімін берсе жарасар, ал қазіргі экономикалық қысылтаяң шақта бұл не даурығу? Әлде, бүкіл мәселе шешіліп тастап, бар дүние Астананың атауына тіреліп қалды ма? Атауды ауыстыруға 400 миллион ақша кетеді деп есептеп тастапты әлдекімдер... Одан көп болмаса...

Биыл Желтоқсан оқиғасына 30 жыл... Әлгі жайсаңдар Тәуелсіздік жолында құрбан болған жастарымыздың құрметіне Астанада ескерткіш орнатайық деп неге бастама көтермейді? 

Талай ұлыстар ту тіккен бұл жерге... Талай асылдар кеңсе құрған... 

"Бұл жалғанды бұзатын арсыз адамның" талайын көрген ер Есіл, екі аяқтылардың төрт аяқтап қолдайтынын естімеген шығар...

Дина Елгезектің фейсбуктегі жазбасынан