02 мам, 2017 сағат 12:26

Дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасы талқыланды

2017 жылғы 2 мамырда Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Үкімет отырысында Дін саласындағы мемлекеттің саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын таныстырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Министр өз сөзінде Тұжырымдаманың өзектілігі Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбымен Қазақстан халқына арнаған жолдауында және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған негізгі идеяларға сәйкес келетіндігін ашып көрсетті.

Тұжырымдамада мемлекеттік құрылыстың зайырлы қағидаттарын нығайтуға және дін саласындағы тұрақтылықты одан әрі қамтамасыз етуге бағытталған дін саласындағы мемлекеттік саясаттың басты басымдықтары көрініс тапқан.

Діни қайшылықтар негізінде туындайтын радикализм көріністерімен байланыстағы келеңсіз үрдістер бой көрсетіп отырған қазіргі жағдайда қоғам мен мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік саясатта жан-жақты пысықталған ұстанымдарды қалыптастыру орталық мәнге ие.

Министр Н.Ермекбаев өз баяндамасы барысында еліміздің бұдан кейінгі болашақ дамуы дін саласындағы мемлекеттік саясаттың пәрменділігімен тығыз байланысты екендігін баса айтып өтті.

Тұжырымдама жобасын талқылау барысында Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Ж.А.Жарасов оған қатысты өз пікірін білдірді. Ол Тұжырымдаманың негізгі идеяларына қолдау көрсете отырып, аталған маңызды құжаттың негізгі ережелерінің пәрменділігін арттыра түсу желісінде қоғам мен мемлекет дамуының одан әрі бірізді дамуын қамтамасыз ету мақсатында осы саладағы заңнамаларды жетілдіру қажеттігін атап өтті.   

Отырыста сөз алған Дінтанушылар конгресінің төрағасы Бақытжан Сатершиновтің пікірінше «...діни экстремизмнің өсе түсіп отырған қаупі жағдайында дін саласында пәрменді мемлекеттік саясатты жолға қоюдың маңызы үлкен». Дінтанушының ойынша, Тұжырымдамада еліміздің дамуының зайырлы қағидаты тұрғысынан дін саласындағы мемлекеттік саясаттың бағым бағыттары дұрыс айқындалған. Сондықтан Тұжырымдаманы тәжірибелік іске асыру мемлекеттің діни бірлестіктермен өзара әрекеттесуінің қазақстандық үлгісін дамытудың алғышартын қалыптастырады.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б.А. Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Дін саласындағы мемлекеттің саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы бірауыздан мақұлданды.