11 сәу, 2019 сағат 20:40

Димаштың Нью-Йорктегі концерті үшін 15 мың орындық зал алдық - Мұхамедиұлы

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ҚазАқпарат тілшісіне әнші Димаш Құдайбергеннің Нью-Йоркте өтетін шоу-концертіне қатысты мәліметтерімен бөлісті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Нью-Йорк қаласындағы танымал «Madison Square Garden» спорт кешенінде екі зал бар. Оның бірі 5,5 мың орындық болса, екіншісі 15 мың орындық. Біз 23 қазанға 5,5 мың орындық залын алып қойған едік. Бірақ, қазір жан-жақты талдай отырып, 15 мың орындық алып, не болса да тәуекелге барып отырмыз. Ол залды алар болсақ, мерзімді нақтылау керек болады. Концерттің қазан айында болатыны анық! Қай залды алатынымыз айқындалған уақытта билет сатылымы басталады. Ол жерде енді билет бағасы жоғары болады», - деді министр елордада өткен «Балуан Шолақ» фильмінің тұсаукесерінде.

Еске сала кетсек, бұған дейін осы жылдың күзінде Нью-Йорктегі әйгілі «Madison Square Garden» алаңында әнші Димаш Құдайбергеннің шоу-концерті өтетінін хабарлаған болатынбыз.