02 ақп, 2017 сағат 08:40

Димаштың қытайлық табынушылары Абай өлеңдерін жаттауға кірісті

Күні кеше Димаш Құдайбергенов өз инста парақшасына Абайдың өлең жолдарын жариялаған. Елдегі жұрт онысын әнге деген ерек көңілі мен алабөтен махаббатының көрінісі деп ұққан. Ал, әншінің бұл жазбасы өзге ұлттық тыңдармандарын сарсаңға салғанға ұқсайды. Оның Аспан асты еліндегі жанкүйерлері әп-сәтте ұлы ақынның туындысын өз тілдеріне тәржімалап, автордың нақты кім екенін білуге һәм неғұрлым көп ақпар табуға кірісіп кеткен. Бұл туралы Димаштың PR менеджері, досы Алпамыс Шәрімов әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жариялады, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі.

«Кеше кешкісін Димаш Құдайбергенов өз инста парақшасына Абайдың өлең жолдарын жариялаған болатын. Өзінің көңіл-күйі, я ұнатқандықтан болар, әйтеуір жариялады! Не деген құдірет десеңізші?! Фанаттары (тек Қытай елінің емес) лезде Абайдың өлеңдерін өзге тілдерге аударып, Абайды зерттеуге кірісіп кеткен екен! Бір жанкүйерлері тіпті өлеңді жаттап алып, «Ұлы ақынды неге бұрын білмегенбіз?» деп webo парақшасына жазыпты! Сөзім жоқ!..», - деген таңданысымен бөліскен әншінің досы.

Сонымен қатар, ол Қытайда өнер көрсетіп, миллиардтаған халқы бар елді аузына қаратқан жас әншінің соңына түсіп, талантынан саяси астар іздегендерге ренішін білдіріп, «тырнақ астынан кір іздегенше, Абайдың бір шумақ өлеңін болса да жаттап алуға» шақырды.

«Бұл бақытты сезіне алмаған бейшараларды аяймын! Тырнақ астынан кір іздегенше, Абайдың бір шумақ өлеңін болса да жаттап алыңыздаршы!.. Өзге ұлттар Ұлы ақынның өлеңін сайрап тұрғанда, «еріншектік» бойды билеп, өз ақынымыздың бір өлең жолын білмей ұятқа қалмайық! Абай осы заманда өмір сүрсе Димаш екеуі жақсы дос болар еді...», - деп жазды ол.